+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
Қашықтықтан оқыту технологиясы – дарынды балалармен жұмыс жасайтын мұғалімдерге көмек
26 Қар, 04:10

Білім беру сапасын көтеру, дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру бойынша мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2014 жылдың 3 - 14 қараша аралығында Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы «Математикадан түрлі деңгейдегі олимпиадаларға оқушыларды дайындау» тақырыбында қашықтықтан оқыту семинарын өткізді.

Оқыту Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының білім беру сайты арқылы жүзеге асырылды.

Оқыту семинарына Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларынан, Үржар, Зайсан, Тарбағатай, Аягөз, Абай, Бородулиха, Зырян, Күршім аудандарынан 145 қалалық (аудандық) білім бөлімдерінің әдіскерлері, жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері қатысты.

Қазақ және орыс тілдеріндегі курстың тақырыбы мен мазмұнын құрастырушы автор – С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің математика кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент – М.Н. Мадияров.

Семинарға қатысушыларға математиканы тереңдетіп оқыту үшін дәрістер ұсынылды, жұмыс барысында түрлі деңгейдегі есептер шығарылды. Оқыту семинарының қорытындысы бойынша қатысушылар бақылау жұмысын орындайды. Тапсырмалардың шешімін табуда жетістікке жеткен мұғалімдерге сертификаттар беріледі.

Жалпы, семинарға қатысушылар оның жаңашылдығын, мақсаттылығын, мазмұндылығы мен өзектілігін атап өтті:

- Аягөз ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Қ.Т. Нурпейісов: «Мен курсқа қатысқаныма өте разымын. Берілген дәрістер тәжірибелі-мұғалімдер үшін өте мазмұнды, қолданбалы сипатта болды. Ұйымдастырушыларға шығармашылық табыс тілеймін».

- Өскемен қаласының №24 ОМ математика пәні мұғалімі И.С. Абакумова: «Мүғалімдер үшін ұйымдастырылған қашықтан оқыту семинары өте мазмұнды, маңызды және пайдалы болды. Дарынды балалармен жұмыс барысында алынған ақпаратты міндетті түрде қолданамын деп ойлаймын».

- Өскемен қаласы, №19 ОМ математика пәні мұғалімі И.С. Щербаченко: «Курстан алғаным өте көп болды. Ұсынылған дәрістер менің білімімді жүйелендіріп, бекітуге және математика пәнінен дарынды балалармен жұмысты кәсіби тұрғыдан ұйымдастыруға мүмкіндік туғызды. Ұсынылған кейбір  білімдерді тәжірибеде қолданып жүргеніме өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға қазіргі уақытқа қажетті өте өзекті тақырыпты таңдағандарына рахмет айтқым келеді. Барлығына шығармашылық табыс тілеймін».

- Өскемен қаласындағы Жамбыл ат. ДБА ОММГИ математика пәні  мұғаліміН.С. Закарьянова: «Маған қашықтан оқыту үлгісінде өткен семинар өте ұнады. Қызықты, пайдалы. Семинар өткен 2 апта ішінде көп еңбектеніп, қосымша әдебиеттер оқуға тура келді. Мен өзіме өте қажет – оқушыларды олимпиадаларға даярлауға нақты әдістемелік көмек ала алдым».

Болашақта қашықтан оқыту семинары жалғасын табады деп жоспарлануда.