2013 жылы 8-9 ақпан күндері Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы Өскемен, Семей қалаларындағы дарынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицейлерімен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту мақсатымен облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 7-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілінен «Жарқын болашақ» олимпиадасын өткізді.
Қатысушылар «Тілші-әдебиетшілер», «Сөз шеберлері», «Әнші бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Жазушылар» бағыттары бойынша өз білімдері мен өнерлерін сынасты.
Оқушылардың білімдерін Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткері, қобызшы-сазгер Ә.Д. Қазақбаев, Абай атындағы Қазақ Мемелекеттік педагогикалық университетінің мәдени бөлімінің бас маманы, «Аршын» тобының мүшесі, дәстүрлі әнші Е.Б. Смағұлов, КАТЕV халықаралық қоғамдық қорының тәрбие ісі бөлімінің бастығы Н.Н. Төлебаев пен өңірдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының білікті мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілші-журналистері бар қазылар алқасы сарапқа салды.
Олимпиадаға облыс мектептерінен барлығы 212 оқушы қатысып, оның 106-сы жүлдегер атанды.
18 жүлдегер І орын, 38 – ІІ орын және 50 – ІІІ орын дипломдарымен марапатталды.
Алғаш рет 2014 жылғы олимпиаданың республикалық кезеңі халықаралық деңгейге ие болады. Осыған орай олимпиадаға көптеген шет елдердің өкілдері қатысады.
Облыс кезеңінің жеңімпаздары 3-5 сәуір аралығында Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының намысын халықаралық қазақ тілінен болатын «Жарқын болашақ» олимпиадасында қорғайды.
Қатысушыларға сәттілік пен жеңістер тілейміз!