1. Жалпы ережелер
1.1.Осы Ережелер облыстық «ШЫҒЫС BALAFEST» балалар шығармашылығы фестивалінің (бұдан әрі – Фестиваль) мақсаттарын, өткізу және қаржыландыру тәртібін, қатысуын, жеңімпаздарды анықтау тәртібін айқындайды.
1.2.Фестивальдің ұйымдастырушылары – Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы).
1.3.Фестивальдің мақсаты – балалар шығармашылығын қолдау және дамыту, өнер саласында дарынды балаларды анықтау.
Міндеттері:
- балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға және өзін-өзі көрсетуіне жағдай жасау;
- балалар шығармашылығының үздік үлгілерін, талантты орындаушыларды, қызықты тәжірибелерді, жаңа бағыттар мен жұмыс түрлерін анықтау және насихаттау;
- салауатты белсенді өмір салтын және қызығушылықтарды қалыптастыру;
- азаматтық жауапкершілік пен патриотизмге тәрбиелеу, елге, мәдениетке және дәстүрлерге деген мақтаныш сезімін қалыптастыру;
- балалық шақтың бейнесін қалыптастыру, балалардың табысқа жетулері мен таланттарын көрсету.
2. Фестивальді өткізу бойынша жетекшілік
2.1.Фестивальге дайындық және оны ұйымдастыру бойынша жалпы жетекшілік ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығына жүктеледі.
2.2.Фестивальге дайындықты Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы бекіткен ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) жүзеге асырады.
Ұйымдастыру комитеті:
- Фестивальге дайындық пен өткізуді тікелей басшылыққа алады;
- қатысуға өтінімдер мен қажетті материалдарды қабылдайды;
- қазылар алқасының құрамын қалыптастырады және бекітеді;
- іс-шара түрлерін және олардың өткізу формасын анықтайды;
- нәтижелерді талдайды және қорытындылайды;
- дайындық, өткізу және қорытындысын БАҚ-та жариялауды қамтамасыз етеді.
2.3.Фестивальдің бірінші және екінші кезеңдеріне жетекшілікті жүзеге асыру үшін аудандық (қалалық) ұйымдастыру комитеттері мен қазылар алқасы құрылады. Олардың құрамы тиісті білім беру бөлімдері тарапынан бекітіледі.
3. Фестиваль-байқауды өткізу мерзімі мен орны
3.1.Фестиваль үш кезеңде өтеді:
I кезең – мектепішілік: 2027 жылғы қаңтар.
Жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының базасында өткізіледі. Қорытындысы бойынша аудандық (қалалық) кезеңге қатысу үшін үздік шығармашылық нөмірлер іріктеледі.
II кезең – аудандық (қалалық): 2027 жылғы ақпан – наурыз.
Мектепішілік кезеңнің жеңімпаздары арасында өткізіледі. Қорытындысы бойынша облыстық кезеңге қатысу үшін үздік шығармашылық нөмірлер іріктеледі.
III кезең – облыстық (іріктеу): 2027 жылғы сәуір.
Аудандық және қалалық кезеңдердің қорытындысы бойынша ұсынылған үздік конкурстық қойылымдардың бейнематериалдары негізінде сырттай форматта өткізіледі.
Конкурстық қойылымдарды бағалау, Фестиваль жеңімпаздарын анықтау және қорытынды Гала-концертке қатысу үшін үздік шығармашылық нөмірлерді іріктеу мақсатында құрамы Фестивальдің Ұйымдастыру комитетімен бекітілетін қазылар алқасы құрылады.
3.2.Аудандық және қалалық білім бөлімдері конкурстық қойылымдардың YouTube платформасында орналастырылған бейнематериалдарына сілтемелерді 2027 жылғы 15 сәуірден кешіктірмей texno_otdel@mail.ru электрондық поштаға жолдайды.
3.3.Гала-концертке қатысушыларды іріктеу орындаушылық шеберлігі, көркемдік деңгейі, өзіндік ерекшелігі және ұсынылған нөмірлердің жанрлық әртүрлілігі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
3.4.Фестивальдің барлық кезеңдерінің өткізілу барысы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде #ШЫҒЫСBALAFEST бірыңғай хэштегін пайдалана отырып жарияланады.
4. Фестивальдің қорытынды іс-шарасы – Гала-концерт
4.1. Облыстық «ШЫҒЫС BALAFEST – 2027» балалар шығармашылығы фестивалінің салтанатты Гала-концерті 2027 жылғы 1 маусымда Өскемен қаласында Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында өткізіледі.
4.2.Гала-концерт Фестивальдің қорытынды мерекелік іс-шарасы болып табылады және облыстық кезеңнің нәтижелері бойынша іріктелген үздік шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен өткізіледі.
4.3.Гала-концерттің бағдарламасы шығармашылық бағыттардың әртүрлілігі, көркемдік деңгейі және конкурстық нөмірлердің көрермендерге әсерлілігі ескеріле отырып, Ұйымдастыру комитетімен қалыптастырылады.
4.4. Гала-концерт аясында Фестиваль лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өткізіледі.
4.5.Гала-концерт балалар шығармашылығын насихаттауға, Шығыс Қазақстан облысының дарынды балаларының жетістіктерін көрсетуге және балалық шақтың жарқын мерекелік атмосферасын қалыптастыруға бағытталған.
5. Фестиваль қатысушылары
5.1. Фестивальге 7-16 жас аралығындағы жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының білім алушылары қатыса алады.
5.2.Балаларды барынша кеңінен қамту мақсатында Фестивальге бір бала немесе бір шығармашылық топ тек бір номинация бойынша ғана қатыса алады.
6. Фестивальді ұйымдастыру тәртібі және өткізу шарттары
6.1.Фестиваль келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
ВОКАЛДЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ (соло, дуэт, ансамбльдер):
- академиялық вокал;
- халықтық вокал;
- эстрадалық және заманауи вокал.
ХОРМЕН ӘН АЙТУ (20 және одан да көп қатысушы):
- балалар хоры.
ХОРЕОГРАФИЯ (ансамбльдер 12 және одан көп қатысушы, 4-тің еселігі):
- халықтық және халықтық-стильденген би;
- эстрадалық би;
- заманауи хореография;
- көше би бағыттары (hip-hop, breaking, popping және т.б.);
- сюжеттік би және би шоуы.
АСПАПТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ (ансамбльдер, оркестрлер, музыкалық топтар):
- домбырашылар ансамбльдері;
- халық аспаптар ансамбльдері;
- аспаптық ансамбльдер;
- оркестрлер;
- заманауи музыкалық топтар (бэндтер).
ТЕАТР ӨНЕРІ (16 қатысушыдан тұратын театр ұжымдары):
- әдеби шығарма желісі бойынша сахналанған қойылым;
- музыкалық театр (мюзикл);
- театрландырылған миниатюра;
- фольклорлық-этнографиялық қойылым;
- пластикалық театр және пантомима.
6.2.Конкурстық қойылымдарды бағалау критерийлері
«ВОКАЛДЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» номинациясы
Қойылымды бағалау критерийлері:
Вокалдық шеберлік (интонация тазалығы, дыбыс сапасы, дауысты меңгеру).
Орындаудың музыкалылығы мен көркемдік мәнерлілігі.
Артистизм және шығарманың мазмұнын эмоциялық тұрғыдан жеткізе білу.
Репертуардың орындаушының жас ерекшелігі мен вокалдық мүмкіндіктеріне сәйкестігі.
Сахналық мәдениет (сахнада өзін еркін ұстауы, микрофонды қолдана білуі, көрерменмен байланыс орнатуы).
Орындаудың өзіндік ерекшелігі мен сахналық бейненің тұтастығы.
«ХОРМЕН ӘН АЙТУ» номинациясы
Қойылымды бағалау критерийлері:
Вокалдық-хорлық шеберлік (интонация тазалығы, дыбыс сапасы).
Ансамбльдік үйлесімділік (дауыстардың бірлігі, дыбыс үндестігі, ырғақтық дәлдік).
Дикция және хорлық орындау мәдениеті.
Шығарманың музыкалылығы мен көркемдік мәнерлілігі.
Репертуардың ұжым мүшелерінің жас ерекшелігі мен орындаушылық мүмкіндіктеріне сәйкестігі.
Сахналық мәдениет және көркемдік бейненің тұтастығы.
«ХОРЕОГРАФИЯ» номинациясы
Қойылымды бағалау критерийлері:
Орындаушылық шеберлік және би техникасы.
Орындаудың музыкалылығы, ырғақтылығы және синхрондылығы.
Қойылымның композициялық шешімі мен көркемдік тұтастығы.
Артистизм және эмоциялық мәнерлілік.
Хореографиялық идеяның өзіндік ерекшелігі және қойылымның көрерменге әсерлілігі.
Қойылымның қатысушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, музыкалық сүйемелдеу, костюмдер мен сахналық бейненің үйлесімділігі.
«АСПАПТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» номинациясы
Қойылымды бағалау критерийлері:
Техникалық шеберлік және музыкалық аспапты меңгеру деңгейі.
Музыкалық шығарманы орындаудың дәлдігі, тазалығы және сапасы.
Музыкалылығы мен көркемдік мәнерлілігі.
Ансамбльдік үйлесімділік және дыбыстардың бірлігі.
Көркемдік интерпретация және орындаудың өзіндік ерекшелігі.
Артистизм және сахналық мәдениет.
«ТЕАТР ӨНЕРІ» номинациясы
Қойылымды бағалау критерийлері:
Актерлік шеберлік және орындаушылық мәнерлілік.
Көркемдік ойды және шығарманың мазмұнын ашу.
Сахналық сөйлеу, дикция және эмоциялық мәнерлілік (театр жанрының ерекшеліктерін ескере отырып).
Режиссерлік шешім және қойылымның композициялық тұтастығы.
Шығармашылық интерпретацияның өзіндік ерекшелігі.
Сахналық мәдениет және көркемдік безендірілуі.
6.3.Бағалау тәртібі
6.3.1.Конкурстық қойылымдарды бағалауды қазылар алқасы мүшелері алты критерийдің әрқайсысы бойынша 10 балдық шкала негізінде жүзеге асырады.
6.3.2.Қазылар алқасының бір мүшесі бере алатын ең жоғары баға – 60 балл.
6.3.3.Қатысушының немесе шығармашылық ұжымның қорытынды балы қазылар алқасы мүшелері қойған жалпы бағалардың арифметикалық орташа мәні ретінде айқындалады.
6.3.4.Қорытынды балдар тең болған жағдайда орындаушылық шеберлік критерийі бойынша орташа балы жоғары қатысушыға немесе ұжымға басымдық беріледі. Теңдік сақталған жағдайда шешімді қазылар алқасы алқалы түрде қабылдайды.
6.3.5.Бағалау нәтижелері қазылар алқасының хаттамасымен ресімделеді.
6.4.Конкурстық қойылымдарға қойылатын жалпы талаптар
6.4.1.Конкурстық қойылымдар қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, таңдалған номинацияға және сахналық мәдениеттің жалпы қабылданған нормаларына сәйкес болуы тиіс.
6.4.2.Конкурстық қойылымдардың ұзақтығы төмендегідей белгіленеді:
- вокалдық шығармашылық – 4 минутқа дейін;
- хормен ән айту – 4 минутқа дейін;
- хореография – 4 минутқа дейін;
- аспаптық шығармашылық – 4 минутқа дейін;
- театр өнері – 5 минутқа дейін.
6.4.3.Конкурстық шығармалар кез келген тілде орындалуы мүмкін. Қойылымдардың мазмұны Фестивальдің тәрбиелік бағытына сәйкес болуы тиіс.
6.4.4.Вокалдық номинацияларда жанды аспаптық сүйемелдеуге, «минус» фонограммасының сүйемелдеуімен немесе музыкалық сүйемелдеусіз (a cappella) орындауға рұқсат етіледі. «Плюс» фонограммасын пайдалануға және негізгі вокалдық партияны қосарлауға жол берілмейді.
6.4.5.Хореографиялық және театр қойылымдарында көркемдік идеяға сәйкес келетін музыкалық сүйемелдеуді, сахналық реквизиттерді, декорациялар мен мультимедиялық құралдарды пайдалануға рұқсат етіледі.
6.4.6.Аспаптық номинациялар бойынша шығармалар қатысушылардың жанды орындауында орындалуы тиіс. Негізгі аспаптық партияны алмастыратын фонограммаларды пайдалануға жол берілмейді.
6.4.7.Ашық отты, пиротехникалық құралдарды, қауіпті заттарды және қатысушылар мен көрермендердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қойылым элементтерін пайдалануға жол берілмейді.
6.4.8.Конкурстық кезеңдерді ұйымдастырушылар қауіпсіздік талаптарының сақталуын, өткізу алаңдарының техникалық дайындығын және қатысушылардың өнер көрсетуі үшін қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілуін қадағалайды.
6.5.Облыстық кезеңнің бейнематериалдарына қойылатын талаптар
6.5.1.Фестивальдің облыстық (іріктеу) кезеңіне қатысу үшін ұсынылатын конкурстық қойылымдардың бейнежазбалары төмендегі талаптарға сәйкес болуы тиіс:
- бейнетүсірілім монтажсыз, желімдеусіз және арнайы әсерлерсіз үздіксіз жүргізілуі тиіс;
- қатысушылар анық көрінуі, ал дыбыс сапасы қойылымды объективті бағалауға мүмкіндік беруі тиіс;
- нақты орындауды өзгертетін дыбыстық жолды қабаттастыруға, ауыстыруға немесе қосымша өңдеуге жол берілмейді;
- бейнежазбада конкурстық қойылымның басынан аяғына дейінгі толық нұсқасы қамтылуы тиіс;
- бейнежазбаның ұзақтығы тиісті номинация бойынша белгіленген регламентке сәйкес болуы тиіс;
- бейнематериалдар сілтеме арқылы көруге қолжетімді болатындай етіп YouTube платформасына орналастырылуы тиіс.
Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін бейнематериалдар себептері көрсетіле отырып, қазылар алқасы тарапынан қабылданбауы мүмкін.
6.5.2.Кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген бейнематериалдарды орналастыру кезінде олардың заңды өкілдерінің бейнетүсірілім жүргізуге және материалдарды Фестиваль аясында пайдалануға берген келісімінің болуын қамтамасыз ету қажет.
6.5.3.Ұсынылған бейнематериалдардың шынайылығы мен белгіленген талаптардың сақталуына оларды жолдайтын ұйымдар жауапты болады.
7. Фестивальдің қорытындыларын шығару
7.1. Қазылар алқасының құрамы Фестивальдің Ұйымдастыру комитетімен келісу арқылы қалыптастырылады және бекітіледі.
7.2.Дауыстар тең болған жағдайда қазылар алқасының шешімі алқалы түрде қабылданады.
7.3.Қазылар алқасының құрамы алдын ала жарияланбайды.
7.4.Қазылар алқасының шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды. Шешім хаттамамен ресімделеді және қазылар алқасының әрбір мүшесі қол қояды.
7.5.Демеушілер мен басқа да ұйымдар Фестиваль қатысушыларына арнайы жүлделер тағайындай алады.
Ұйымдастыру комитеті конкурстық номинацияларды бөлу және Гала-концерттің бағдарламасын өз қалауы бойынша жасау құқығын өзіне қалдырады.
7.6.Фестиваль қорытындылары shygysdaryn.kz сайтында жарияланады. Анықтама телефоны: 8 (7232) 75-26-91.
8. Фестиваль жеңімпаздарын марапаттау
8.1.Фестивальдің облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Бас жүлде, I, II және III дәрежелі лауреат атақтары беріледі.
8.2.Бас жүлде иегері және I, II, III дәрежелі лауреаттар тиісті дәрежедегі дипломдармен марапатталады.
8.3.Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі 2027 жылғы 1 маусымда Өскемен қаласында өтетін облыстық Гала-концерт аясында өткізіледі.
8.4.Гала-концерт бағдарламасына енгізілмеген Фестиваль лауреаттарына дипломдар аудандық және қалалық білім бөлімдері арқылы жолданады.
8.5.Фестиваль лауреаттарын дайындаған шығармашылық ұжымдардың жетекшілері мен педагогтеріне ұйымдастырушылардың атынан алғыс хаттар табысталады.
8.6.Осы Ережеде көзделмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.
9. Фестивальді қаржыландыру
9.1.Фестивальдің қаржыландырылуы ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығымен бекітілген сметаға сәйкес жүзеге асырылады.
Облыстық «ШЫҒЫС BALAFEST» балалар шығармашылығы
фестиваліне қатысуға өтінім
|
Ұжымның атауы, шығарманың атауы YouTube арнасына сілтеме |
Номинациия атауы, |
Т. А. Ә. қатысушының (құжат бойынша) |
Аудан/ қала |
Білім беру ұйымы, сыныбы |
Жетекшінің аты-жөні, телефоны, |
|
|
|
|
|
|
|
ӨТКІЗІЛГЕН АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢНІҢ БЕЙНЕЖАЗБАСЫНА СІЛТЕМЕ: ________________________
Білім бөлімі басшысы: _______________________ (қолы мен мөрі)