2011 жылдың 07-08 қыркүйек күндері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында XІI республикалық Абай оқулары өтті.
Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері.
XІI республикалық Абай оқуларының негізгі мақсаттары:
- мектеп оқушылары арасында Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау;
- жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының шығармашылық қабілеттіліктерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;
- оқушыларды Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағытталған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.
Республикалық Абай оқулары үш бөлім бойынша өткізілді:
- «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» - Абай мен Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу конкурсы. Қатысушы өзі жатқа білетін шығармалардың тізімін конкурс басталғанға дейін өткізуі қажет (ұлылардың шығармаларын көбірек жатқа білетін оқушыға жоғары баға қойылады).
- «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау конкурсы.
- «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар конкурсы (өз шығармаларын орындау: өлеңдер, әндер, күйлер).
Республикалық Абай оқуларына әр облыстан, республикалық мектеп-интернаттардан бірінші орын алған оқушылар, Астана, Алматы қалаларының Абай оқуларының жеңімпаздары қатысты.
Әр облыстан Абай оқуларының әр бөліміне бір оқушыдан және Шығыс Қазақстан облысынан дәстүрлі түрде екі команда: облыс пен Абай ауданының құрама командалары қатысты.
ХІI республикалық Абай оқуларына қатысушыларды білікті қазылар алқасы сараптады. Қазылар алқасының төрағасы: Оспанов Мұратбек – ақын, республикалық «Абай» журналының бас редакторы. Қазылар алқасының мүшелері: Баттал Роза Мұхамеджанқызы - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң орта білім департаментінің бас сарапшысы, Абай ауданының Құрметті азаматы, Зернебек Шілдебайұлы – ақын, республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының бас редакторы, Сермағамбетов Мнажаддин – «Қазақстан мұғалімі» газетінің бас редакторы, Бибеков Қаныш Тілеужанұлы - Семей мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультеті кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Омарбаева Дәметкен Серікбайқызы - ақын, Семей қалалық халық ақындар орталығының жетекшісі; Шағатаева Бақыт Шағатаева - ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Абай ауданының Құрметті азаматы, Жанғалиев Төлеген - ақын, Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Абай ауданының Құрметті азаматы, Әсемова Рауан Саметқызы - Астана қалалық №15 мектеп-лицейінің шығармашылық жұмыспен айналысатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Конкурстың қатысушыларына мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама дайындалды: Абай ауданы шекарасында «Еңлік – Кебек» ескерткіші басындағы, Үй тастағы, Шілікті кезеңіндегі театрландырылған көрініс ұйымдастырылды. Қонақтар Абай мұражайына, Невзоровтар мұражайына, Бөрілідегі Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы (Абайдың туған жеріне), Абай мұражайларын тамашалады.
Абай оқуларының ашылу салтанаты Абай-Шәкәрім кесенесінде болды.
ХІI республикалық Абай оқуларына Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан оқушылар төмендегідей орындарға ие болды:
«Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша:
2 орын - Абай ауданы Ш.Әбенов атындағы ОМ оқушысы - Сейдахмет Қарлығаш.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша:
1 орын - Абай ауданы Қарауыл гимназиясының оқушысы - Есімханова Айым.
2 орын - Семей қаласы Шәкәрім атындағы облыстық үш тілде оқытатын облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің оқушысы - Өмірбаев Райымбек.
Барлық қатысушыларға сертификаттар беріліп, жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар номинациялар бойынша грамоталар табыс етілді.