+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
«Мәнгілік ел» Ұлттық идеясы
20 Ақп, 08:35

2017 жылдың 15-16 ақпаны аралығында Шығыс Қазақстан облысының оқушылары Астана қаласындағы Тұңғыш Президент Кітапханасы қабырғасында кезекті рет өткен «Әлемді өзгертетін идеялар» атты семинар-тренингке қатысты.

Семинарға қатысушылар дәрістер тыңдап, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын талқылауға қатысты, сонымен қатар, тәжірибелік тапсырмалар орындады.

Елбасының «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясымен шабыттанған қатысушылар еліміздің даму перспективасы жайлы ең батыл ұсыныстарымен алмасты.

Қатысушылардың әрқайсысы жақсы әсер мен білім алып, жаңа таныстар тапты. Ұлт Көшбасшысы жоспарын жүзеге асыруға тақырыптар ашып, шабыт беретін осындай форматтағы шараларға қатысу өскелең ұрпаққа баға жетпес тәжірибе болып табылады. «Мәңгілік ел» идеясы елімізге «Қазақстан жолы» атауымен әлемдік қоғамдастыққа белгілі арнайы даму жолын табуына мүмкіндік берді.

Дәрістермен қатар, коучинг тәсілімен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, онда балалар алған ақпараттарын бекітті, командада жұмыс жасау, көшбасшылық және шешендік дағдыларын дамытты.

-  Астанаға сапар оқушылардың да, мүғалімдердің де көңілінен шықты. Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Оқылған дәрістер мазмұнды. Еліміздің ертеңі жастардың қолында. Оларды тәрбиелеу мен бағыт беруде екі күндік семинар-тренингтің септігі зор. Ұлт мүддесі жолында Елбасының тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын дәріптеу және түсіндіру – абыройлы іс, - деп атап өтті команда жетекшісі, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының маманы Гүлден Есімханова.

-  Екікүндік семинар-тренингтің арқасында еліміздің тарихын ой елегінен өткізіп, жаңа мағлұматтарды түртіп алдық – деп, өз ойымен Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының 10 сынып оқушысы Мержақыпов Алмаз бөлісті. «Қазақстанның екі өңірінен жиналдық. Бір-бірімізбен тез тіл табысып, пікір алмастық. Мемлекеттің әл-ауқатын жақсартатын қадамдарды талқылап, белгіленген міндеттерді орындау үшін ерінбей еңбек ету қажеттігін түсіндік. Астана маған үлкен әсер қалдырды», - деді ол.

Семинар бағдарламасында тек дәрістік сабақтар ғана емес, сонымен қатар, Елбасы Кітапханасының құрылу тарихымен танысу, белгілі адамдармен кездесулер қарастырылды.

Жалпы семинар-тренинг толыққанды және жемісті өтті. Шығыс Қазақстан облысының оқушылары оның жұмысына өте белсенді қатысты, оқуларын ойдағыдай аяқтап, курсты аяқтау туралы сертификаттар алды.