+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған белсенділер мен көшбасшылардың «Мәңгілік Ел – болашаққа ұмтылған ел» аймақтық конкурсының Ережесі
25 Қаз, 11:43

Жалпы ережелер

1. Осы Ереже Қазақстан Републикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған белсенділер мен көшбасшылардың «Мәңгілік Ел – болашаққа ұмтылған ел» аймақтық конкурсының (бұдан әрі – Конкурс) мақсаттары мен міндеттерін, ұйымдастыруды қамтамасыз ету, өткізу тәртібі және қаржыландыру, конкурсқа қатысуды және жеңімпаздер мен жүлдегерлерді анықтайды.

2. Ұйымдастырушылар Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, «Дарын» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми практикалық орталығы (бұдан әрі – «Дарын» ШҚ ӨҒПО) болып табылады.

3. Конкурстың негізгі мақсаты тұрақтылықты, тәуелсіздікті, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау әрекетіне белсенді және батыл, басқа мәдениет өкілдерімен конструктивті диалог құра білетін жоғары деңгейдегі өзіндік ұлттық сана-сезімі, ұлттық, патриоттық рухы бар, тарихи жадыны және әлеуметтік есті сақтайтын өскелең ұрпақты қоғамның әлеуетті белсенді мүшелерін тәрбиелеу болып табылады.

4. Конкурстың негізгі міндеттері:

- «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының маңызды құрамдарын оқушылардың санасына енгізу;

«100 нақты қадам – ұлт жоспарын» түсіндіру және насихаттау;

- Қазақстан Республикасының тарихи және ұлттық тәжірибесін зерделеу;

- оқушылардың бойындағы отандастары алдындағы жауапкершілік сезімін тәрбиелеу;

- оқушылардың рухани-адамгершілік және зияткерлік-шығармашылық әрекетін белсендіру;

- Қазақстан Республикасының қалыптасу тарихына қызығушылық танытатын қабілетті және дарынды оқушыларды айқындау;

- оқушылардың шығармашылық әлеуетін және қоғамдық белсенділігін дамыту;

- оқушыларды сахналық өнерге тарту;

- оқушылардың үздік жетістіктерін, оқу орындарының патриоттық тәрбие бойынша тәжірибелерін көрсету және насихаттау.

Конкурстың жұмыс тілдері қазақ және орыс тілдері болып табылады.

Конкурсқа қатысушылар

5. Конкурсқа ШҚО жалпы білім беру мекемелерінің белсенді оқушылары және көшбасшылары қатыса алады.

Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі

6. Конкурс «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің негіздерін ашатын Қазақстан Республикасының стратегиялары мен бағдарламалық құжаттардың мазмұнын және Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, өнер бойынша бағдарламаларды қамтиды.

7. Конкурс екі кезеңде өтеді:

Бірінші кезең – іріктеу (2016 жылдың 25 қазаны - 2 қарашасы)

1) Жалпы білім беру мекемелері үшін іріктеу кезеңі қалалық/аудандық деңгейде өтеді.

2) Мамандандырылған білім беру мекемелері арасында іріктеу кезеңі келісім бойынша өтеді.

3) Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін іріктеу кезеңі келісім бойынша өтеді.

Екінші кезең – облыстық (Өскемен қаласы, 30 қараша – 2 желтоқсан 2016 жыл)

Қатысушылардың келуі – 2016 жылдың 30 қарашасы  (сағат 14:00-ге дейін), қайтуы – 2 желтоқсан (сағат 9:00-ден кейін).

8. Білім беру ұйымдарының басшылары, мамандандырылған мектеп және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің директорларының қолымен бекітілген конкурсқа қатысу туралы сұранысты (№1 қосымша) 2016 жылдың 4 қарашасына дейін төмендегі мекен-жайға жіберіледі:Өскемен қ., Абай даңғылы, 21, «Дарын» ШҚ ӨҒПО тел. 8 (7232) 74-22-66, е-mail: vk_daryn@mail.ru.

Ауданнан, қаладан қатысушылардың, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің құрама командаларының және Назарбаев Зияткерлік мектептердің құрама командаларының тізімі сұранысқа қоса тіркеледі: тегі, аты, сыныбы, білім беру ұйымы, команда жетекшісінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы және ұялы телефонының нөмірі.

9. Әр аудан/қала, мамандандырылған мектептерден қатысатын құрама командалардың және Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрама командаларының сандық құрамы 11 адамға дейін: 10 қатысушы және 1 топ жетекшісі

10. Топ жетекшісі конкурсқа қатысушылардың өтетін орынға дейінгі жолда, оның өтуі кезінде және тұратын жеріне дейін қайтар жолдағы өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне жауапты болады.

11. Конкурсқа келіп жеткен соң, топ жетекшісі ұйымдастыру комитетіне келесі құжаттарды тапсырады:

1) Конкурсқа қатысу жөніндегі бұйрықтың көшірмесі;

2) Қатысушылар туралы мәлімет (Т.А.Ә., туған жылы, сыныбы, оқу орны мен білім беру ұйымының мекен-жайы, үй мекен-жайы, телефоны, топ жетекшісінің Т.А.Ә., жұмыс орны, лауазымы, ұялы телефоны);

3) медициналық анықтама (әр қатысушыға)

4) қатысушының жеке куәлігінің немесе тууы туралы куәлігінің көшірмесі.

12. Әр қатысушы команданың бірыңғай формасы мен эмблемасы болуы керек.

Конкурсты өткізу шарттары

13. Конкурс төрт айналымда өтеді.

1 айналым – Үй тапсырмасы – «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы – 25 игілікті іс» акциясы

Акцияны өткізу мерзімі: 2016 жылдың 1-13 қарашасы

Акциялардың өтуі жөнінде бейнеесеп 2016 жылдың 20 қарашасына дейін CD/DVD дискісінде келесі мекен-жайға беріледі: Өскемен қ.,Абай көшесі, 21, «Дарын» ШҚ ӨҒПО тел. 8 (7232) 74-22-66, е-mail: vk_daryn@mail.ru.

Әр команда «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 игілікті іс» акциясын 25 рет өткізуі керек:

1.  Ата-анаға, қарт адамдарға құрмет көрсету;

2.  Жақындарыңа және туған адамдарыңа көмек беру;

3.  Жетім балаларға қайырымдылық жасау;

4.  Науқас адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға назар аудару және көмек беру;

5.  Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға көмек беру;

6. Жастарды қолдау. Жастардың бойындағы патриоттық және моральдық қасиеттерін дамыту;

7.  Еңбексүйгіштік және өз Отаныңның дамуына үлес қосу;

8.  Игілікті, пайдалы, т. б. істерді атқару.

Акцияның өтуі жөніндегі бейнеесепті келесі критерийлерді ескере отырып, қазылар алқасы жиырма бес балды жүйе бойынша бағалайды:

1)  Акция тақырыбына сәйкестігі;

2)  Өзектілігі;

3)  Әлеуметтік маңыздылығы;

4)  Инновациялық сипаты;

5) Әріптестік сипаты. Өткізілген акцияға акция объектісінің (нысанының) реакциясы;

6)  Ақпараттық қамту;

7)  Бейне түсірілімнің сапасы.

2 айналым – команда үшін «Менің Отаным Қазақстан» викторинасы

Өтетін күні: Өскемен қаласы, 2016 жылдың 30 қарашасы

Уақыты: сағат 15.00-15.45

Әр команда 10 тапсырманы (жазбаша) шешетін болады. Тапсырмалар Қазақстан Республикасының стратегиялары мен бағдарламаларының мазмұны негізінде құрылады:

1. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауы.

2.  «Қазақстан жолы - 2050»: Бір ел, бір тағдыр, бір болашақ» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы.

3. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауы.

4. 2014 жылғы 15 желтоқсандағы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі.

5. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2015 жылғы 6 мамырдағы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бес институционалдық реформасын жүзеге асыру.

6. ҚР Президентінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №147 «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» Өкімі.

Викторина тапсырмаларын тексеру мен бағалауды, командалардың жауаптарының нақтылығын ескере отырып қазылар алқасы он балдық жүйе бойынша жүзеге асырады.

3 айналым – «Ұлт жоспарын жүзеге асыру нәтижелілігін қалай жетілдіреміз» диспуты

Өту мерзімі және күні: Өскемен қаласы, 2016 жылдың 30 қарашасы

Уақыты: сағат 16.00-18.00.

Әрбір команда диспут тақырыбы бойынша мәселені шешуде өз нұсқасын (2 минут ішінде) ұсынып, қорғайды.

Диспутқа қатысушылар үшін ереже:

1. «Әркім өз пікірін айтуға құқылы». Егер Сіздің тыңдаушыларға айтарыңыз бар болса, олар оны білсін.

2.  «Не ойласаң, соны айт, не айтарыңды ойлап айт!» Өз пікіріңді қысқа (30 секундтан аспайтын монолог), айқын, анық жеткіз. Өзіңіз жете ұғынбаған пікірді пайымдамаңыз.

3.  Өз көзқарасыңызды сендіре баяндауға тырысыңыз. Тек нақты фактілерге сүйеніңіз.

4.  Сізге дейін айтылғанды қайталамаңыз.

5. Өзгенің пікірін сыйлаңыз. Оны түсінуге тырысыңыз. Өзіңіз келіспейтін көзқарасты аяғына дейін тыңдай біліңіз. Ұстамды болыңыз. Сөйлеушінің сөзін бөлмеңіз. Жеке басты бағалауға жол бермеңіз. Туралықты айқаймен емес, дәлелмен тауып айтыңыз. Өз пікіріңізді зорлап міндеттеуден аулақ болыңыз.

6.  Егер сіздің ұстанымыңыздың қателігі дәлелденсе, өз пікіріңіздің қате екенін батыл түрде мойындай біліңіз

7. Диспуттың негізгі қорытындысы Сіздің оңай жолмен келмеген шындыққа жетуіңіз болсын.

8. Сөйлеу құқығын жүргізуші береді.

Сөйлеушіні келесі критерийлерді ескере отырып, қазылар алқасы он бес балды жүйе бойынша бағалайды:

1)  Теориялық білім деңгейі. Материалды нақты деректермен дәлелдеуі;

2)  Сұрақтарға берілген жауаптардың сапалылығы;

3)  Қорытынды жасай білу қабілеті;

4)  Өз көзқарасын ұстана білу қабілеті;

5)  Жалпы дискуссияға қатыса білу дәрежесі.

4 айналым – «Ата-баба аңсаған Мәңгілік Ел» тақырыбында театрланған сахналық қойылым

Өту мерзімі және күні: Өскемен қаласы, 2016 жылдың 1 желтоқсаны

Уақыты: сағат 10.00-13.00.

Презентацияға берілген уақыт 5-7 минутты құрайды.

Театрланған сахналық қойылым сюжеті келесі тақырыптар аясында анықталады:

Тақырыбы

Қала/аудан

1.     

ХV ғасырдың ортасындағы қазақ хандығының құрылуы

Өскемен

2.     

Қазақ хандығының Қасым хан кезіндегі өрлеуі

Абай

3.     

ХVI ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығы

Зайсан

4.     

ХVII ғасырдағы қазақ хандағы. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы

Жарма

5.     

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». ХVII-ХVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар соғыстары

Аягөз

6.     

Қазақстанның Ресейге қосылуы. Қазақстанның Ресейге қосылу кезіндегі ұлт-азаттық көтерілісі

Бесқарағай

7.     

Қазақ жерлерін біріктірудегі Абылайханның саясаты

Катонқарағай

8.     

ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басндағы Қазақстандағы патшалық саясат. ХІХ-ХХ ғғ. басындағы Қазақстандағы мәдениет, ғылым және ағарту

Глубокое

9.     

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс

Шемонаиха

10.            

«Алаш» партиясы. Ұлт интеллигенцисының идеялық көзқарасының жетілуі

Семей

11.            

Қазақстан 1917 жылы. Революция және азамат соғыс  (1917-1920 ж.ж.)

Ұлан

12.            

Қазақ кеңес мемлекеттігінің құрылуы. ЖЭС. Индустриаландыру. Ұжымдастыру.

Риддер

13.            

Саяси репрессиялар. Халықтардың Қазақстанға жер аударылуы

Бородулиха

14.            

Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы шайқастарына қатысуы

Үржар

15.            

Қазақстан территориясында ядролық полигондардың құрылуы. «Невада-Семей»қозғалысы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей полигонын жабу жөніндегі өкімі

Курчатов

16.            

Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақстан. «Хрущев жылымығы» жылдарындағы Қазақстан. Тың және тыңайған жерлерді игеру

Көкпекті

17.            

КСРО-дағы дағдарыстар мен қарама-қайшылықтардың өршуі жылдарындағы Қазақстан. КСРО-ның құлауы. Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялау

Күршім

18.            

Егемен Қазақстанның құрылуы. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері

Тарбағатай

19.            

Қазақстан жолы: тұрақтылықтан – жаңғырту арқылы – гүлденуге жету. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – елдің 25 жемісті жылдары

Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің құрама командасы

20.            

Ұлт Көшбасшысының Қазақстан Тәуелсіздігін алудағы, қалыптастырудағы және нығайтудағы рөлі

Зырян

21.            

Бір шаңырақ астында. Мәңгілік Ел – болашаққа ұмтылған ел

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрама командасы

 

Театрланған сахналық қойылымды келесі критериилерді ескере отырып, қазылар жиырма бес балдық жүйемен бағалайды:

1.  Тақырыпқа сәйкес келуі және мазмұнының ашылу тереңдігі;

2.  Креативтілігі (сюжеттің біртұтумалығы, ойдың оралымдығы);

3.  Әртістік. Көрерменге эмоцианалды және тәрбиелік әсерінің дәрежесі;

4.  Тілдік сауаттылық, тілдің нақтылығы және баяндау стилі;

5.  Сахналық киімі, реквизиттері және декорациясы.

Қорытынды шығару және жеңімпаздарды марапаттау

14. Төрт  айналым қорытындысы бойынша барынша көп балл жинаған командалар жеңімпаз атанады.

Жеңімпаздарды қазылар алқасының мүшелері анықтайды. Қазылар алқасының құрамына ШҚО атқарушы билік органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялылар өкілдері кіреді.

15. Конкурстың жеңімпаз командалары дипломдармен марапатталады. Конкурстың барлық қатысушыларына сертификат беріледі.

Қаржыландыру

16. Іс-шараны қаржыландыруды бекітілген сметаға сәйкес «Дарын» ШҚ ӨҒПО жүзеге асырады.

Конкурсқа қатысушылардың және олардың жетекшілерінің іссапар шығындары (келуі, қайтуы) жіберуші жақ есебінен төленеді.