Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және ШҚО білім басқармасының қолдауымен өңірлік ғылыми - практикалық «Дарын» орталығы облысымыздың дарынды оқушыларының Астана қаласында Ұлт көшбасшысы кітапханасында өткен «Әлемді өзгертетін идеялар» атты Республикалық семинар-тренингке қатысып қайтуларын ұйымдастырды.
Ұлт көшбасшысы кітапханасы «Әлемді өзгертетін идеялар» тақырыбында жаңа білім беру жобасын 2015 жылдың 1 қазанынан бастап апта сайын өткізеді. Екі күндік семинар-тренингке жоғары оқу орнының студенттері, колледждер мен мектептерде оқитын оқу озаттары, белсенді, талантты және дарынды оқушылар қатысады.
Семинардың мақсаты: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа бастамаларын оқып-үйрену; жас ұрпақтың бойына Қазақстан тарихы жөніндегі білімдерін кеңейту және қазақстандық патриотизм құндылықтарын сіңіру болып табылады.
2015 жылдың 22-23 қазаны аралығында біздің облысымыздың 21 дарынды оқушысы «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалды реформасын жүзеге асыру бағытындағы семинар-тренингінің «Ұлт жоспары-100 нақты қадам» курсына қатысуға мүмкіндік алды.
Семинар-тренинг бағдарламасы оқу дәрістері мен тәжірибелік сабақтарға арнап құрылған. Дәрістерді белгілі отандық ғалымдар мен ғалым профессорлар, ғылым докторлары жүргізсе, тәжірибелік сабақтар кітапхананың көрме залында интерактивті құралдарды пайдалану арқылы өткізілді.
Сөз кезегінде Ұлт көшбасшысының кітапхана директорының міндетін атқарушы Б. Жұмабеков:
- «Бүгінгі күні жас ұрпақ, сендерге, еліміздің болашағы үшін зор үміт пен жауапкершілік қатар жүктелуде. Еліміздің ертеңін қалайтын, дамытатын сендер. Елбасымыз жас ұрпақтың бойында білімі мен талабын көрсететін мүмкіндіктердің болуына күш салуда. Ал, сендер, өз кезектеріңде еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етуге міндеттісіңдер. Біздің семинар-тренинг Елбасымыздың Жаңа Қазақстан, «Қазақстан-2050» бағдарламасына бағытталған алғашқы қадамдардың бірі», - деп семинарға қатысқан оқушыларға ақ жол тіледі.
Семинар қатысушыларына сертификаттарды табыстау салтанатында Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев қатысып, оқушыларға алға қойған жоспарларының жүзеге асырылуына сәттілік тіледі.
Семинарға қатысушылар жас ұрпақты тәрбиелеу мен дамытуға қажетті көптеген білім мен тәжірибе жинақтады.
Шығыс Қазақстан облысының атынан семинар-тренингке қатысушы Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық арнайы мектеп оқушысы Айым Наурызбаева:
- Біз «Әлемді өзгертетін идеялар» атты семинар-тренингке қатысуға мүмкіндік алғанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Семинардан қазіргі және болашақтағы өмірімізге қатысты өте маңызды ақпараттар алдық. Біздің мемлекетіміздің болашағын қалауда, бізге осындай сенім артып отырғанына және осындай семинар-тренингке қатысуға мүмкіндікті жасаған Елбасымызға және кітапхана директорына барлық қатысушылар атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.