2015 жылдың 9-11 қыркүйек күндері Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы мен Абай ауданында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін ұйымдарының оқушылары арасында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Туады ерлер Ел үшін..» I Республикалық қазақ батырлық эпосы жыршылар байқауы мен XVІ республикалық Абай оқулары өтті.
Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері.
Байқаулардың негізгі мақсаттары:
- мектеп оқушылары арасында қазақ халқының батырлық эпосы мен Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау;
- қазақстандық патриотизмге, Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу;
- елдік пен ерлік рухын, намысшылдық қайсарлық қасиеттерді сезіндіру, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;
- ұлттық дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, тарихи танымдарын қалыптастыру болып табылады.
Сайыстарға республикамыздың барлық облыстары мен қалаларынан 96 оқушы қатысты. Шығыс Қазақстан облысынан: Семей қаласы, Абай, Аягөз, Зайсан және Күршім аудандарының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары сайысқа түсті..
Қазылар алқасының құрамында белгілі журналистер, ғалымдар, көрнекті өнер қайраткерлері мен ақындар болды.
Сайыс қортындысы бойынша 34 оқушы жүлдегер атанып, соның ішінде Шығыс Қазақстанның 4 оқушысы жүлделі орындарды иеленді.
«Өлең- сөздің патшасы- сөз сарасы» номинациясы бойынша:
- Зайсан ауданы Шекарашы ОМ 10-сынып оқушысы Дүйсенбекова Еркеназ Бас жүлде;
- «Көңілім әнді ұғады» бөлімінен Семей қаласының №47 ОМ 11-сынып оқушысы Оразов Айдос 2-орын;
- Абай ауданы Абай ат. МЛ 11-сынып оқушысы Орынжанова Ақберен 3-орын;
- «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясынан Абай ауданының Қарауыл гимназиясының 10-сынып оқушысы Оралқызы Зарина 1-орын;
- Абай ауданы Ш.Әбенов ат. ОМ 11 сынып оқушысы Құмаров Алтынбек, Аягөз ауданы Бозтаев ОМ, Жамбыл ат. ОМ оқушылары Кежеғазинов Ақжол, Қайырғалиева Айзат «Белсенділік» номинациясы бойынша марапатталды.
Конкурс қатысушыларына мазмұнды мәдени - танымдық бағдарлама дайындалды: Семей қаласында Абай мұражайын аралап, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Абай ауданында қонақтар театрландырылған көріністің куәгерлері болып, Жидебай ауылындағы Абай және М. Әуезов мұражайларын тамашалады.
Жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломымен, грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, байқауға қатысушы оқушылар мен жетекшілерге сертификаттар табыс етілді.
Атаулы шараларға 3 күн күн бойына «Хабар», «24 Kz», «Қазақстан Семей», «ТВК-6» телеарналары мен республикалық «Литер», облыстық «Рудный Алтай», «Семей таңы», «Вести Семей», «Ертіс өңірі» және «Спектр» газеттерінің өкілдері қатысып, ақпараттарды телеарналар мен баспасөз беттеріне жариялады.