Оқушыларды жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға дайындау мақсатында 2015 жылдың 19-30 қаңтарында Шүлбі кентіндегі "Дарын жұлдыздары" жыл бойғы оқыту-сауықтыру лагерінде Ғылыми мектеп өткізілді.
Ғылыми мектепке республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен Қазақстан Республикасының олимпиада резервінің құрамасы қатысты.
Ғылыми мектептің негізгі қағидасы әр оқушыға табыстылық жағдайын жасау. ШҚО-ның 100-ден астам 9- 11 сынып оқушылары - жас зияткер элитасы 10 күн ішінде ғажайып ғылым әлеміне саяхат жасап, білім қорын кеңейтіп, жаңа жетістіктерге дайындалуға бірегей мүмкіндік алды.
Ғылыми мектептің оқытушылары Шығыс Қазақстан облысының алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының ғалымдары - әр түрлі деңгейдегі олимпиадалардың қазылар алқасының мүшелері, облысымыздың жалпы білім беретін мектептерінің шығармашыл және бірнеше рет зияткерлік олимпиадаларға жеңімпаздарды тәрбиелеген ұстаздар.
Ғылыми мектепте оқыту бекітілген бағдарламаға сай жүзеге асырылды. Балалардың ғылыми-жаратылыс және гуманитарлық циклдағы пәндерден білімдерін тереңдету және білімдерін бекіту мақсатында әртүрлі деңгейдегі олимпиадалық тапсырмалар талқыланды. Сабақтар түрлі формада жүзеге асырылды: шеберлік-сыныптар, интеллектуалды эстафета, сайыстар, шағын олимпиадалар.
Ғылыми мектеп аясында оқушылар білім алып қана қоймай, демалыстарын белсенді өткізді: спорттық жарыстар, таза ауадағы ойындар зияткерлік және шоу-бағдарламалар, әлеуметтік психологиялық бағыттағы танымдық-интеллектуалдық ойындар «Өзіңді танып біл», «Өз жұлдызыңды жақ» талант-шоуы, психологиялық тренингтер өткізілді.