+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
Ағылшын тілінен облыстық зияткерлік «Leader» конкурсын өткізу ЕРЕЖЕЛЕРІ
21 Қаң, 05:42

Жалпы ережелер

1. Осы ереже ағылшын тілінен облыстық зияткерлік «Leader»конкурсының (ары қарай - конкурс) мақсатын, міндетін, өткізілу тәртібін айқындайды. 

2. Конкурстың негізгі мақсаттары мен міндеттері:

-      дарынды балаларды анықтау, қолдау;

-      оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекеттерін арттыру;

-      мектеп оқушылары арасында интеллектуалды ойындар мен конкурстар, жарыстар, олимпиадаларды түсіндіріп тарату;

-      табысқа жетуді уәждеу.

3. Конкурстың ұйымдастырушысы Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми - практикалық «Дарын» орталығы (ары қарай – ШҚ ӨҒПО «Дарын»).

4. Конкурсқа қатысу ерікті, ақылы.

5.Әр сыныпқа арналған тапсырмалар блогы ағылшын тілі пәні бойынша 30 тестік тапсырмалардан тұрады.

Конкурстың жұмысшы органдары

6. Конкурсқа дайындық пен өткізудің ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру мен үйлестіру үшін ұйымдастыру комитеті құрылады.

7. Ұйымдастыру комитеті:

-  конкурстың жалпы өткізілу тәртібін анықтайды;  

-  тікелей басшылық жасайды;

- тапсырмаларды дайындайды, жұмыстарды бағалаудың критерийлерін анықтайды, конкурс өткізілгенге дейінгі тапсырмалардың құпиялылығына жауап береді;

-  жеңімпаздарды анықтайды;

-  нәтижесін талдап, қорытады.

8. Конкурсты ұйымдастыру үшін өткізілетін орындарда үйлестірушілер тағайындалады. Үйлестірушілер әдіскерлер, тәжірибелі мұғалімдер және білім бөлімдерінің өкілдері болуы мүмкін.

Үйлестірушінің міндеті:

- конкурсқа қатысуға тапсырысты уақытылы беру;

- конкурсты нұсқауларға сәйкес ұйымдастыру.

Конкурсқа қатысушылар

9. Облыстық конкурсқа ШҚО жалпы білім беретін мектептерінің 2-11 сынып оқушылары қатыса алады.

Конкурсты өткізу тәртібі

10. Конкурсқа қатысуға тапсырыстар белгіленген мерзімге 5 күн қалғанға дейін қабылданады.

11. Тапсырмаларды орындауға 1 (бір) астрономиялық сағат беріледі.

12. Конкурс конвертпен бірге берілген жауап парақшалары мен нұсқаулық бойынша өткізіледі.

13. Білім беру ұйымының конкурсты өткізу кезінде,  тапсырмаларды орындау кезінде өткізу ережелерін бұзған жағдайда қатысушылар тізімнен шығарылады, сонымен қатар:

а) тапсырмалар үйде орындалса;

б) қатысушылардың жауап парақтары бір қолдан толтырылса;

в) барлық конкурсқа қатысушылардың 70%-ның  жауаптары сәйкес келсе;

г) ұйымдастыру комитетінің келісімінсіз өткізу уақыттары бұзылса;

д) егер конкурс мектеп ұйымдастырушысы және кабинет кезекшісі жағынан бақылаусыз өтсе.

14. Тізімнен шығарылған қатысушылардың арасында жүлдегер болған оқушылар болса, ұйымдастыру комитеті олардың нәтижесін қорытынды хаттамалардан шығарып, нәтижелерін есептемейді.

15. Ұйымдастыру комитеті бланктерді тексеріп, әр қатысушының деңгейін анықтайды. Конкурс аяқталған соң ұйымдастыру комитеті жеңімпаздарды анықтайды.

Жеңімпаздарды марапаттау

16. Конкурс жеңімпаздары ШҚ ӨҒПО «Дарын» грамоталармен марапатталады.

Конкурсты қаржыландыру

17. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу, тапсырмаларды, жауап бланктерін дайындау және көбейту, грамоталарды әзірлеу, көлік, пошта шығындары ұйымдастырушылардың есебінен жүзеге асырылады.