ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен 2014 жылдың 5-8 қаңтар аралығында өзге ұлт өкілдерінің 5-10 сынып оқушылары үшін қазақ тілі бойынша IХ республикалық қашықтан «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты олимпиадасын өткізді.
Олимпиада екі тур бойынша мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше ықылас білдірген лингвистикалық таланттарды қолдау мақсатында оқушылар арасында өткізіліп келеді. Оn-line режимінде өткізілген бірінші турға 1972 оқушы қатысты. Қашықтан өткізілген турдың қорытындысымен ең жоғары ұпай алған оқушылар Щучье қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысты (Ақмола облысы, Шучье қаласы).
Олимпиаданың салтанатты жабылуында жеңімпаздар І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Оларды дайындаған қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне грамоталар берілді.
Шығыс Қазақстан облысынан Семей қаласы мен Глубокое ауданының 4 оқушысы қатысты.
Оқушылар мемлекеттік тіл аясында жақсы білімдерін көрсетті.
ІІІ дәрежелі дипломдармен Глубокое ауданы Жаңа – Ертіс орта мектебінің 7 сынып оқушысы Копнина Вероника мен Семей қаласы №10 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Лейс Александра марапатталды.
Барлық қатысушыларға Мемлекеттік тілді дамыту қорының сертификаттары мен ескерткіш сыйлықтары табыс етілді.
Жеңімпаздар мен ұстаздарды табыстарымен құттықтаймыз! Сәттілік пен алдағы уақытта жетістіктер тілейміз!