1. Жалпы ережелер
«Балапан» облыстық интеллектуалдық турнирін өткізу туралы осы Ереже (бұдан әрі – турнир) турнирдің өту тәртібін, мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз етуді, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді іріктеу тәртібін анықтайды.
Турнирдің ұйымдастырушылары – Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы және өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы (бұдан әрі – орталық).
2. Турнирдің мақсаты мен міндеттері
Турнирдің негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы, бірінші сыныптағы дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау көрсету.
Негізгі міндеттері:
1.Мектепке дейінгі жастағы, бірінші сыныптағы дарынды балаларды анықтап, дамыту және қолдау көрсетуге жағдай жасау бойынша жұмыс формалары мен тәсілдерін жетілдіру.
2.Мектепке дейінгі жастағы, бірінші сыныптағы балалардың интеллектуалдық қызметін белсендіру, олардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін ашу.
3.Интеллектуалды-шығармашылық ойлау қабілеті мен ізденушілік, зерттеушілік және бағдарлай білуге арналған есептерді шеше білу қабілеттерін дамыту.
3. Турнирге басшылық жүргізу және әдістемелік қамтамасыз ету
Турнирді ұйымдастырып өткізу үшін ұйымдастыру комитеті құрылады (бұдан әрі – ұйымдастыру комитеті).
Ұйымдастыру комитеті:
- турнирдің тұжырымдамасын дайындайды;
- турнирге дайындық жүргізу мен өткізуге тікелей басшылық жасайды;
- турнирге қатысуға өтінімдер мен қажетті материалдарды қабылдайды;
- қазылар алқасының құрамын бекітеді;
- турнирдің бағалау критерийлерін дайындайды;
- турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды;
- турнир қорытындысына анализ жасап, жинақтайды;
- турнирге дайындық барысы мен өтуін БАҚ жариялануын қамтамасыз етеді;
- турнирдің ережесіне сәйкес басқа да қызметтерді атқарады.
4. Турнирдің мазмұны мен оған қатысушылар
1. Турнир 3 жас аралығында өткізіледі: мектепке дейінгі 4-5 жас, 6 жас, 1 сынып оқушылары. Турнирге бала бақшалар мен шағын орталықтардың, жалпы білім беретін мектептердің қазақ және орыс тілінде оқитын ересек және даярлық топтарының тәрбиеленушілері, 1 сынып оқушылары алдын ала іріктеусіз қатыса алады.
2. Қатысушыларға танымдық, логикалық, шығармашылық, дамытушылық сипатта:
- 1 сынып оқушылары үшін - 13;
- мектепке дейінгі 6 жастағы балалар үшін - 10;
- мектепке дейінгі 4-5 жастағы балалар үшін - 8 ашық типті тест түріндегі тапсырма беріледі.
5. Турнирді өткізу тәртібі
1. Турнирге қатысу ерікті түрде, ақылы.
2. Үйлестіруші тапсырмалар салынған пакетті шара өтетін күні турнир басталар алдында ашады. Турнирге қатысушыларға көмектесуге, тапсырмаларды олар үшін орындауға, ұжыммен бірлесіп немесе бөгде адамдардың көмегімен орындауға, ұялы байланыс құралдарын қолдануға тиым салынады.
3.Әр бала барлық тапсырмаларды арнайы брошюрада орындайды. Тапсырмаларды орындауға 45 (қырық бес) минут уақыт беріледі.
4. Турнирдің ережелерін түсіндіруге он бес минут уақыт беріледі. Одан кейін қатысушы туралы мәлімет толтырылады, тәрбиешіге алдын ала бұл мәліметтерді толтырып алуына болады. Тапсырмаларды орындауды бастау уақыты мен аяқталу уақыты тақтаға жазылады. Орындау уақыты біткен соң жұмыстар жиналып алынады.
5. Турнирді өткізу хаттамасы мен балалар орындаған тапсырмалар (брошюралар) тапсырмалар келген арнайы конвертке салынып, желімделіп, Ұйымдастыру комитетіне жіберіледі.
6. Брошюраларды жинап алғанда олардың дұрыс толтырылуына мән беру қажет. Бала туралы қандай да бір мәліметтер болмаса жұмыс нәтижесі есептелінбейді.
7. Үйлестіруші конкурс тапсырмаларының құпиялылығына және қатысушылардың тапсырмаларды өздігінен орындауына жауапты.
6. Марапаттау
Турнирдің барлық қатысушыларына сертификаттар, жүлдегерлерге – грамоталар, 1 орын алған жеңімпаздарға грамоталар мен сыйлықтар беріледі.