+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурстарын ұйымдастыру және өткізу ҚАҒИДАЛАРЫ
22 Қыр, 11:38

Қазақстан Республикасы  

 Бiлiм және ғылым министрiнің

 2012 жылғы 13 наурыздағы

 № 99 бұйрығына 3-қосымша

 

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар

конкурстарын ұйымдастыру және өткізу 

ҚАҒИДАЛАРЫ

 

 

1. Жалпы ережелер

 

       1. Осы Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурстарын ұйымдастыру және өткізу қағидалары (бұдан әрі – Ғылыми конкурс) Ғылыми конкурстардың ұйымдастыру және өткізу тәртібін анықтайды.

       2. Ғылым мен техника бойынша Халықаралық жарыстардың (Intel International Science and Engineering Fair (бұдан әрі – Іntel ISEF)) Ғылыми конкурсы жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) өткiзедi.

       3. Ғылыми конкурстың мақсаттары мен мiндеттерi:

       1) оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру;

       2) ең талантты және дарынды жас зерттеушiлердi iрiктеу және оларға қолдау көрсету;

       3) Қазақстан Республикасының зияткерлік әлеуетiн қалыптастыруға ықпал ету.

       4. Әр секцияның сараптау комиссиясының (бұдан әрі - комиссия) құрамына ғылымның осы бағыты бойынша кемінде бес ғалым (маман) кiредi. Комиссияның құрамы Ғылыми конкурстың тиiстi кезеңiн ұйымдастырушы білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекiтiледi. Ғылыми конкурстың төртінші кезеңінің қазылар алқасын Министрлік бекітеді.

       5. Iрiктеу кезеңінiң комиссиясы осы Қағидаға 1-қосымшада көрсетілген бағалау өлшемдерi бойынша зерттеу жұмыстарын қарап, әрбiр жобаны рецензиялайды және республикалық кезеңге қатысушыларды анықтайды.

       6. Ғылыми конкурсқа:

       1) ғылымның осы саласындағы фактiлерді, оқиғаларды, құбылыстарды және бұрын танылмаған жекелеген қырларын жария ететін;

       2) мектеп тәжірибелерін жетiлдiруге, өндiрiстiк процестердiң тиiмдiлiгiн арттыруға ықпал ететiн практикалық міндеттерді шешуге жаңалықтар әкелетiн аппараттардың, модельдердің, құралдардың конструкциялары ұсынылған;

       3) әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған экономикалық-заңды негiзделген компьютерлiк модельдер және жобалар ұсынылуы мүмкін;

   4) жарысқа кәмелетке толмағандар үшiн рұқсат етiлмейтiн аспаптар пайдаланылған жағдайда, жануарларға қатігездік көрсетiлетiн, адам денсаулығы мен жануарлар үшiн зиян келтiретiн заттарды (улы, радиоактивтiк, канцорегендік және мутагендік әсері бар зерттелмеген биологиялық белсендi қосылыстар, адам және жануарлар үшін патогенді немесе шартты патогенді заттар, микроағзалар, вирустар, iшiмдiк, никотин) пайдалануға байланысты тәжірибелері бар жұмыстар жiберiлмейдi;

       5) республикалық жарыстарда бұрын қаралған және қорғалған жұмыстар Ғылыми конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

       7. Зерттеу жұмыстарын ресiмдеуге қойылатын талаптар:

       1) жұмыс мәтiнi компьютерде басылып мынадай құрылымнан тұруы тиіс:

       титул парағы;

       мазмұны;

       абстракт (аннотация) қазақ немесе орыс тiлдерiнде (зерттеу жұмысының қай тiлде дайындалғанына байланысты), сондай-ақ ағылшын тiлiнде жазылады;

       кiрiспе;

       зерттеу бөлiмi;

       қорытынды;

       пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi;

       2) титул парағында мыналар көрсетiледi:

       жұмыс орындалған ұйымның толық атауы, қаласы, мектебi;

       автордың (бiрiккен автордың) тегi, аты, сыныбы;

       жұмыстың атауы;

       жұмыстың дайындалған бағыты, секциясы;

       жетекшiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты;

       қаласы (жарыстың өтетiн жерi), жылы;

       3) абстракт (аннотация) (250 сөзден артық емес) қамтылған жұмыстың қысқаша мазмұнын көрсетуі тиіс:

       зерттеудің мақсаты;

       гипотезасы;

       кезеңдерi, зерттеудiң реті;

       тәжірибенің әдiстемесi;

       зерттеудiң жаңалығы және дербестiк дәрежесi;

       жұмыстың нәтижесi және қорытындысы;

       нәтижелерді практикада қолдану салалары;

       4) кiрiспеде (екi беттен артық емес) мыналар келтiрiледi:

       таңдалған зерттеу тақырыбының өзектілігі, осы жұмыстың мақсаты (мiндетi);

       қойылған мiндеттердi шешу әдiсi қысқаша көрсетiледi;

       5) жұмыстың зерттеу бөлiмi (20 беттен артық емес) жеке тараулардан (параграфтардан) тұруы және мыналарды қамтуы мүмкін:

       осы жұмысты жүргізудің қажеттiлiгiне көз жеткiзуге және оның мақсатын (мiндетiн) құрастыруға мүмкіндік беретін таңдалған тақырып бойынша белгілі нәтижелерге талдама шолу жасау;

       қойылған мiндеттердi шешу әдiстерiн сипаттау;

       жұмыстың нәтижелері және оларды талқылау;

       суретті материалдар (сызбалар, кестелер, фотосуреттер және суреттер);

       6) пайдаланылған әдебиеттерге сiлтеменi төртбұрышты жақшада беру керек. Мәтiнде кездесетiн сiлтемелерде нөмiрлеу жүйесі болуы керек;

       7) қорытынды (бiр беттен артық емес) жұмыстың негiзгi нәтижелерi және олардың негiзiнде жасалған қорытындыларын, жұмыстың нәтижелерiн ғылыми және практикалық мақсаттарға пайдалану жөнiндегi ұсыныстарды қамтиды;

       8) пайдаланылған әдебиеттер жұмыс соңында жалпы тiзiммен мынадай тәртiпте берiледi:

       автордың тегi және қысқартылған аты-жөнi;

       мақаланың және журналдың аты (журналдағы мақалалар үшiн);

       журналдың, кiтаптың аты;

       басып шығарылған орны және баспасы (кiтаптар үшiн);

       басылған жылы, шығу нөмiрi, бетi;

       9) әрбiр жұмыста таңдалған тақырыптың өзектілігі, автордың жұмысқа сiңiрген жеке еңбегi, жұмыстың кемшiлiктерi және нәтижелерiн әрi қарай пайдалану жөнiндегi ұсыныстары көрсетілген жетекшiнiң пiкiрi қоса берілуі керек;

       10) төртiншi кезеңге (баяндамаға) 135х125 шаршы сантиметр көлемдегi стендке орналастыру үшін демонстрациялық материалдарды жасау ұсынылады.

       8. Стендтi рәсiмдеуге қойылатын талаптар:

       стендтiң жоғарғы жағына көлденеңiнен абстрактың, қатысушының атын, жасын, мектебiнiң, қаласының, облысының атын орналастыру қажет;

       стендтегi материалда нөмірленген кестелер, фотосуреттер, суреттер, диаграммалар енгізіліп, жұмыстың мазмұны, қорытындылары көрсетіліп, талғаммен ресiмделуі тиіс;

       мазмұнды дайындау кезiнде негiзiнен назарды жоба авторының алған нәтижелерiн көрсетуге аудару қажет.

       9. Ғылыми жетекшi алынған нәтижелердің нақтылығы мен дұрыстығын, жұмыстың диплом жұмыстарынан, магистрлік және кандидаттық диссертациялардан, ғылыми ұжымдардың есептерiнен көшiрiлген нәтижелерден тұрмайтындығын қамтамасыз етеді. Оқушы жаңа білім мен өз бетінше зерттеу қызметінің дағдыларын ала отырып, өз қолынан келетін жұмысты орындауы керек.

2. Ғылыми конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі

 

       10. Ғылыми конкурс төрт кезеңде өткізіледі:

       1) бiрiншi кезең – мектепішілік, орта білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында өткізіледі;

       2) екiншi кезең – облыстық (Алматы және Астана қалаларының білім беру ұйымдары, республикалық білім беру ұйымдары мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары мәртебесi жағынан облыстық кезеңдермен теңестiрiледi);

       3) үшiншi кезең – iрiктеу кезеңi екі турда өтедi. Бірінші тур – бейiндiк пәндер бойынша тестiлеу, екінші тур – жобаны алдын ала сараптау;

       4) төртiншi (қорытынды) кезең – республикалық.

       11. Ғылыми конкурстың бірінші кезеңiн өткiзу мерзiмi облыстық, Астана және Алматы қалалары бiлiм басқармаларының бұйрықтарымен белгiленедi, сондай-ақ Ғылыми конкурстың екінші, үшінші, төртінші кезеңдерi Министрліктің бұйрығымен белгiленген мерзімде өткізіледі. Ғылыми конкурс Осы қағидаға 2-қосымшаға сәйкес жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурстары өткізілетін пәндер тізбесі бойынша өткізіледі.

       12. Ғылыми конкурстың бірінші кезеңіне оқушылардың ғылыми қоғамдарының немесе ғылыми жетекшiлерінiң ұсынуымен 8-11 сынып оқушылары қатыса алады.

       Зерттеу жұмысын екi оқушыдан артық орындауға болмайды.

       13. Екiншi кезеңге бiрiншi кезең жүлдегерлері қатысады, олар ғылыми жетекшiнiң пiкiрiн және ілеспе құжаттарды (өтiнiм, мектептiң есебi, зерттеу журналы) ұсынады.

       Зерттеу жұмыстарының тақырыптары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығында (бұдан әрі – «Дарын» РҒПО) тиісті жылдағы 20 қыркүйектен кешiкпей тiркелуi тиіс.

       14. Ғылыми конкустың үшінші (іріктеу) кезеңiне қатысуға үміткерлер ретінде облыстық, Астана, Алматы қалаларының, РБҰ-ның, «НЗМ» ДБҰ-ның, «Дарын» РҒПО-ның «Жас ғалым» республикалық мектебiнiң жүлдегерлері әр секция бойынша бiр жобамен қатыса алады.

       15. Сараптамалық комиссия осы Қағидада мазмұндалған талаптарға сәйкес iрiктеу кезеңiн ұсынылған зерттеу жұмыстарын әр секция бойынша Ғылыми конкурстың төртінші кезеңiнiң қатысушыларын анықтайды.

       16. Үшінші кезең екi турда өткiзiледi:

       бірінші тур - бейiндiк пәндер бойынша тестiлеу. Екінші кезеңнiң қорытындылары хабарланғаннан соң, осы Қағидаға 2-қосымша негізінде тиісті сыныбы мен секциясына сәйкес осы пәнді тереңдетiп оқыту бағдарламасы бойынша бейiндiк пәннен тестiлеу өткізіледi.

       Әдiстемелiк кеңес дайындаған тестер орындауға 2 астрономиялық сағат берiлетiн 60 сұрақты (120 балл) қамтиды.

       Алдын ала сараптауға тестiлеудiң жалпы ұпай санынан 50%-дан төмен емес ұпай жинаған авторлардың зерттеу жұмыстары ғана жiберiледi. Iрiктеу кезеңiн қорытындылауда тестiлеуде алған ұпайлары қосылмайды.

       Командалық жұмыстар үшiн өту балы жұмыстың авторлары жинаған балдардың орташа арифметикалық саны болып табылады.

       Екінші тур – iрiктеу кезеңi бойынша сараптама комиссиясының жұмыстарды алдын ала сараптамадан өткізуі.

       Iрiктеу кезеңiнiң қорытындылары бойынша әр секция бойынша 36 жобаға дейін алынады.

       17. Төртінші кезеңге қатысушылардың тiзiмiн Министрлiк бекiтедi және бекiтiлгеннен кейін үш күн ішінде облыстық, Астана және Алматы қалаларының бiлiм басқармалары мен РБҰ, «НЗМ» ДБҰ-ның назарына жеткiзіледi.

       Iрiктеу кезеңiнiң қорытындылары бойынша апелляция Ғылыми конкурстың тиісті кезеңі аяқталған соң 1 күн ішінде өткiзiледi.

       18. Төртінші кезең – зерттеу жұмысын қорғау және осы Қағиданың 6-тарауының талаптарына сәйкес ресімделген стенд материалын ұсыну. Жұмысты қорғау кезiнде авторға (бiрiккен авторларға) баяндама үшiн 10-15 минут берiледi.

       Ғылыми конкурстың қорытындысы жұмыстардың алдын ала сараптауда алынған балдарын есепке ала отырып шығарылады.

       Республикалық кезеңнен кейiн апелляция Ғылыми конкурстың нәтижелері хабарланған соң 3 сағат ішінде жүргiзiледi.

3. Қорытынды ереже

 

       19. Мектепішілік, аудандық және облыстық (қалалық) Ғылыми конкурстың жүлдегерлерi бiлiм беру саласындағы жергілікті өкілдік және атқарушы органдардың дипломдарымен, грамоталарымен және жүлделерімен марапатталады.

       20. Республикалық кезең жеңiмпаздарының саны әр секция бойынша әр жоба бойынша Ғылыми конкурстың республикалық кезеңіне қатысушылардың жалпы санының 45 пайызын құрайды.

       Ғылыми конкурстың әр кезеңінің жеңімпаздары I, II және III дәрежелi дипломдармен марапатталады. Ғылыми конкурстың әр кезеңінің I, II және III дәрежелi дипломдар саны келесідей үйлесімдікпен анықталады: III дәрежелi дипломдармен жеңімпаздардың 50%-ы, II дәрежелi дипломдармен -30%-ы, I дәрежелi дипломдармен 20%-ы марапатталады.

       21. Егер бірнеше қатысушы жүлделі орындарды анықтау үшін қажетті төмен деңгейге сәйкес бірдей балл санын жинаған жағдайда, жүлдегерлер саны қазылар алқасының шешімімен көбеюі мүмкін.

 

 Жалпы білім беретін пәндер  

 бойынша республикалық ғылыми 

 жоба конкурстарын ұйымдастыру

 және өткiзу қағидасына   

 1-қосымша          

 

«Қазақстан-2030» стратегиясын iске асыруда республиканың

экономикалық және әлеуметтiк-мәдени дамуының модельдерi» атты

республикалық жарыстарға ұсынылатын оқушылардың зерттеу жұмыстарын бағалау өлшемдері

 

Бағаланатын өлшем

Мүмкiн бағалар       

Бағалау негiздемесi

 

1.     Шығармашылық қабiлеттiлiгі

           

Жеке жұмыс үшiн 30 балл, командалық жұмыс үшiн 25 балл 

Егер жұмыс автор(лар)ы проблеманы шешудiң жаңа ғылыми тәсiлiн жасауда шығармашылық қабiлеттiлiк танытса, жеке жұмыс үшiн 25-30, командалық жұмыс үшiн 20-25 балл қойылады.

 Егер автор(лар) мәлiметтердi талдаудың жаңа қондырғылар жасау немесе жаңа тәсiлiн қолдануда шығармашылық қабiлеттiлiк танытса, жеке жұмыс үшiн 20-25, командалық жұмыс үшiн 15-20 балл қойылады.

 Егер автор(лар) мәлiметтердi өзiнше түсiндiруде шығармашылық қабiлеттiлiк танытса, жеке жұмыс үшiн 10-20, командалық жұмыс үшiн 10-15 балл қойылады.

 Егер жоба реферативтi сипатта болса, 10 балға дейiн қойылады.

 

2. Ғылыми ойлау     

Жеке жұмыс үшiн 30 балл, командалық жұмыс үшiн 25 балл 

Жекелеген өлшемдердің әрбiрі жеке зерттеу жұмысы үшін 3 балл және командалық зерттеу жұмысы үшiн 2,5 балл көлемiнде бағаланады.

 Ғылыми жоба үшiн:

 1) қарастырылып отырған проблема қаншалықты айқын және нақты ұсынылған;

 2) жоспарланған ғылыми нәтиже алу мүмкiндiгi мол болуы үшiн шешетiн міндет қаншалықты айқын көрсетiлген;

 3) міндетті шешудiң нақты жоспары бар ма;

 4) міндетті шешуде ауыспалылықтар нақты анықталған ба;

 5) автор нәтижелердi кезең-кезеңімен тексерудің қажеттiлiгiн (егер ол қажет болса) көре алды ма және оны дұрыс қолданды ма;

 6) қорытындыны нақтылау үшiн мәлiметтер сәйкес таңдалған ба;

 7) автор(лар) мәлiметтердiң қорытынды үшiн шектеулілігін мойындай ма;

 8) автордың (команда) мәселенi шешуге кепiлдiк беретiн зерттеудiң келесi кезеңi турасында идеясы бар ма;

 9) автор(лар) ғылыми әдебиеттерден немесе тек қана көпшiлiк әдебиеттерден дәйексөз келтіреді ме.

 техникалық жоба үшiн:

 1) жұмыс мақсаты қаншалықты айқын;

 2) жаңалықтың әлеуетті тұтынушылары бар ма;

 3) нәтиже өмiрде iске аса ма;

 4) үнемдi орындалған ба;

 5) әлеуетті тұтынушыға тиiмдi ме;

 6) нәтиже түпкiлiктi қойылған мәселенi шешуде жетiстiкпен қолданыла ма;

 7) техникалық шешiмнің шын мәнiнде алдыңғы белгілі нұсқаларымен салыстырғанда елеулi артықшылығы бар ма;

 8) нәтиже нақты жағдайда тексерiлген бе;

 9) зерттеудiң келесi кезеңiне байланысты мәселенi шешуге кепiлдiк беретiн автордың (команданың) идеясы бар ма;

 10) автор(лар) ғылыми, әдебиеттерден немесе тек қана көпшiлiк әдебиеттен дәйексөз келтіреді ме.

 

3.Қолданылған зерттеу әдiстерiнiң тиiмдiлiгi    

Жеке жұмыс үшiн 15 балл, командалық жұмыс үшiн 12 балл 

Егер зерттеу жұмысының автор(лар)ы жұмыс барысында бiлiмнің саласында мүлдем жаңа нәтижелер алуға мүмкiндiк беретiн қазiргi тиiмдi қондырғыларды немесе қазiргi теориялық әдiстердi пайдаланса, жеке жұмыс үшiн 10-15 балл, командалық жұмыс үшiн 10-12 балл қойылады. Егер зерттеудiң бұрынғы (ескірген) әдiстерiн пайдаланып, бiрақ жаңа нәтиже шығарылса жеке жұмыс үшін 5-10 балл, командалық жұмыс үшін 5-10 балл қойылады. Егер жұмыс реферативтi сипатта болса, 5 ұпайға дейiн қойылады.

 

4. Тақырыпты ашу дәрежесi (жете ашуы)

Жеке жұмыс үшiн 15 балл, командалық жұмыс үшiн 12 балл 

Бұл параметр үшiн баға жекелеген өлшемдер бойынша бағалар негiзiнде қойылады:

 1) жұмыс жоспарланған деңгейге дейiн жеткiзiлген бе;

 2) шешілетін проблема қаншалықты толық қамтылған;

 3) қорытынды жекелеген тәжірибеге негiзделген бе, әлде қайталанған ба;

 4) материал жобада қаншалықты айқын және нақты берiлген;

 5) автор(лар) мәселенi шешудiң басқа тәсiлдерiн бiле ме;

 6) автор(лар) зерттелiп отырған проблема бойынша ғылыми әдебиеттермен қаншалықты таныс.

 Әрбір өлшем бойынша жеке жоба үшін ең көбі 2,5 балға дейін, командалық жұмыс үшін ең көбі 2 балл қойылуы мүмкін.

 

5. Шешендiк шеберлігі, ұсынылатын материалдың сапасы, айқындылығы   

Жеке жұмыс үшiн 10 балл, командалық жұмыс үшiн 10 балл 

Бұл параметр үшiн баға жекелеген өлшемдер бойынша бағаларды ескере отырып қойылады:

 1) автор(лар) жұмысты қандай дәрежеде айқын және ұтымды баяндай алады (3 балл);

 2) баяндамада жоба материалы қандай дәрежеде толық баяндалған (2 балл);

 3) жобаның негiзгi жерлерiн қаншалықты баса көрсете алған (1 балл);

 4) жобада қолданылған тәжірибелік мәлiметтер қаншалықты нақты және айқын ұсынылған (1 балл);

 5) жоба нәтижелерi қаншалықты айқын және нақты көрсетiлген (1 балл);

 6) жоба нәтижелерiн стенд қаншалықты жақсы ұғындырады (2 балл).

 

6. Команда мүшелерiнiң үйлестiру деңгейi (тек командалық жұмыстар үшін)        

Барлығы 16 балл      

Бұл параметр үшiн баға жекелеген өлшемдер бойынша бағалар негiзiнде қойылады:

 1) жалпы жұмыста әр қатысушының мiндеттерi қаншалықты айқын және нақты белгiленген (4 балл);

 2) команданың әр мүшесi команданың барлық жұмысымен қаншалықты таныс (3 балл);

 3) аяқталған жұмыс команда мүшелерiнiң күш-жiгер үйлесiмдiгiн қаншалықты көрсеттi (3 балл);

 4) команданың әр мүшесi жұмыс материалын қаншалықты жақсы баяндайды (3 балл);

 5) берiлген жобаны командамен орындау қаншалықты қажет болды (3 балл) немесе бұл нәтижелердi жекелей алуға болатын ба едi (0 балл).

 

 (Әрбір өлшем үшін қойылатын барынша көп балдар көрсетілген)

 

      БАРЛЫҒЫ: 100 балл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жалпы білім беретін пәндер  

 бойынша республикалық ғылыми 

 жоба конкурстарын ұйымдастыру

 және өткiзу қағидасына   

 2-қосымша          

 

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми

жобалар конкурстары өткізілетін пәндер тізімі

 

Бағыты                                      Пәні

 

 1. Физика                                                                            Физика

 2. Техника                                                                           Физика

 3. Жер және ғарыш туралы ғылымдар                             Физика

 4. Математика                                                                    Математика

 5. Қолданбалы математика                                                Математика

 6. Информатика                                                                             Математика

 7. Экономика                                                                      Математика

 8. Биология                                                                         Биология

 9. Химия                                                                              Химия

 10. Қоршаған ортаны қорғау және

 адам денсаулығын сақтау                                                 Биология

 11. Тарих                                                                             Дүниежүзі тарихы

                                                                                               және Қазақстан тарихы

 12. Құқықтану                                                                    Дүниежүзі тарихы және

                                                                                              құқықтану негіздері

 13. Өлкетану                                                                       География және Қазақстан

                                                                                              тарихы

 14. Әдебиет                                                                         Қазақ әдебиеті және орыс

                                                                                              әдебиеті

 15. Этномәдениеттану                                                       Дүниежүзі тарихы және

                                                                                              Қазақстан тарихы

 16. Тіл білімі                                                                       Қазақ тілі немесе орыс тілі