2010 жылдың 08-09 қыркүйек күндері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында XІ республикалық Абай оқулары өтті.
Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері.
XІ республикалық Абай оқуларының негізгі мақсаттары:
- мектеп оқушылары арасында Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау;
- жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының шығармашылық қабілеттіліктерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;
- оқушыларды Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағытталған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.
Конкурстың қатысушыларына мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама дайындалды: Абай ауданы шекарасында «Еңлік – Кебек» ескерткіші басындағы, Үй тастағы, Шілікті кезеңіндегі театрландырылған көрініс ұйымдастырылды. Қонақтар Абай мұражайына, Невзоровтар мұражайына, Бөрілідегі Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы (Абайдың туған жеріне), Абай мұражайларын тамашалады. Сонымен қатар мәдени-тарихи орындарға, биологиялық орталыққа саяхат, полигон құрбандарына арналған ескерткішке және Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Республикалық Абай оқулары үш бөлім бойынша өткізілді:
- «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» - Абай мен Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу конкурсы. Қатысушы өзі жатқа білетін шығармалардың тізімін конкурс басталғанға дейін өткізуі қажет (ұлылардың шығармаларын көбірек жатқа білетін оқушыға жоғары баға қойылады).
- «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау конкурсы.
- «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар конкурсы (өз шығармаларын орындау: өлеңдер, әндер, күйлер).
Абай оқуларының ашылу салтанаты Абай-Шәкәрім кесенесінде болды.
Республикалық Абай оқуларына әр облыстан, республикалық мектеп-интернаттардан бірінші орын алған оқушылар, Астана, Алматы қалаларының Абай оқуларының жеңімпаздары қатысты.
Әр облыстан Абай оқуларының әр бөліміне бір оқушыдан және Шығыс Қазақстан облысынан дәстүрлі түрде екі команда: облыс пен Абай ауданының құрама командалары қатысты.
ХІ республикалық Абай оқуларына қатысушыларды білікті қазылар алқасы сараптады. Қазылар алқасының төрағасы: Матаев Хафиз Матайұлы - Республикалық «Абай» қорының президиум мүшесі, республикалық дәрежедегi дербес зейнеткер, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесi, Абай ауданының Құрметті азаматы; қазылар алқасының мүшелері: Баттал Роза Мұхамеджанқызы -Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң орта білім департаментінің бас сарапшысы, Абай ауданының Құрметті азаматы; Жұмажанова Төкен Қонысбайқызы- п.ғ.д., Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Арап Слямұлы Еспембетов -Абайтанушы, ф.ғ.д., профессор, Шәкәрім атындағы СМУ гуманитарлық факультетінің деканы, ; Бибеков Қаныш Тілеужанұлы - Семей мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультеті кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты; Сүлейменов Оспан Сүлейменұлы – композитор, Астана қалалық №2 балалар музыка мектебінің директоры, Омарбаева Дәметкен Серікбайқызы - ақын, Семей қалалық халық ақындар орталығының жетекшісі; Аханова Бақыт Омарғалиқызы - музыка пәнінің мұғалімі, республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпазы; Жанғалиев Төлеген - ақын, Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Абай ауданының Құрметті азаматы.
ХІ республикалық Абай оқуларына Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан оқушылар төмендегідей орындарға ие болды:
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының білім грантына ие болған Абай ауданы Қарауыл гимназиясының оқушысы - Жақсылықов Жайдар.
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша:
1 орын – Семей қаласы Шәкәрім ат. №5МГ оқушысы -Тлебалдинова Гүлсая;
2 орын – Абай ауданы Шәкәрім ат. ОМ оқушысы - Жұматаева Мөлдір.
«Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша:
2 орын – Абай ауданы Абай ат. МЛ оқушысы - Оразалина Көркем.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша:
2 орын- Семей қаласы №47 ОМ оқушысы - Нұрланқызы Талшын.
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының арнайы сыйлығын Глубокое ауданы О.Бөкей ат. ОМ оқушысы - Хайрат Күннұр.
Барлық қатысушыларға сертификат беріліп, жүлдегерлерге грамоталар мен сыйлықтар табысталды. 