2014 жылдың 4-7 мамыр аралығында ШҚО білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты, Республикалық ғылыми-әдістемелік зертхананың жетекшісі Қ.О. Бітібаева атына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиадасын өткізді.
Іс-шараны өткізу мақсаты – мемлекеттік тіл болашағын арттыру, дарынды балаларды анықтау және қолдау, оқушылар арасында зияткерлік жарыстарды, олимпиадаларды көпшілікке тарату, халықтар достастығын күшейтуге жәрдемдесу, ұлттық мәдениет және дәстүрмен алмасу.
Халықаралық олимпиаданың ашылуы салтанаты 2014 жылдың 5 мамырында Өскемен қаласында«Нұр Орда» халықаралық мектебінде өтті.
Олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысы, Астана қаласы, Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының қазақ және орыс тілінде оқитын жалпы білім беретін мектептерінің 9-11 сыныптарының 141 дарынды оқушылары қатысты. Соның ішінде жақын және алыс шетелдерден: Қырғыз, Өзбек республикаларының, Моңғол, Қытай Халық Республикаларының, Ресей мемлекетінің қатысушылары да бақ сынасты.
Олимпиаданың салтанатты ашылуы кезінде Қ.О. Бітібаева олимпиадаға қатысушыларғабілім бұлағына, ғылым шыңына деген таудай талаптарыңыз талмасын деген ақ тілегін жолдап, құттықтау сөзін арнады.
Әділқазылар алқасының құрамына жетекші аймақтық ЖОО-ның белгілі ғалымдары мен оқытушылары кірді.
Олимпиада бағдарламасының жұмыс мазмұнына сәйкес қатысушыларға Өскемен қаласы бойынша сол жақ жағалау, Этнографиялық мұражай-қорықтың кешеніне экскурсияұйымдастырылды.
Делегация жетекшілері - қазақ тілі мұғалімдері үшін дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында Қ.О. Бітібаеваның шеберлік сынып сабағы өтті және жетекшілерге сертификат берілді.
Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша оқу тілі ескеріле отырып 66 оқушы жеңімпаз атанды, соның ішінде: 1-ші орынды – 16, 2-ші орынды – 19, 3-ші орынды – 30 оқушы иеленді. 5 оқушы номинация иегерлері болды, 7 оқушы Қ. Бітібаеваның арнайы сыйлығымен марапатталды (қорытынды қосымшада). Олимпиада жеңімпаздары құнды сыйлықтармен (смартфон, жинақ дискілері), дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді. Ең жоғарғы ұпай жинаған Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Шілікті орта мектебінің 11-сынып оқушысы – Адамбекова Заринаға Қ. Бітібаева атындағы гран-при беріліп, дипломмен марапатталып, ноутбук сыйланды және халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде оқуға ректордың атынан берілген 50% жеңілдік сертификаты табысталды. Дәл осындай сертификаттармен 30% жеңілдік – Шығыс Қазақстан облысы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық арнайы мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Телеухан Гүлден, 25% жеңілдік – Қарағанды облысы №92 гимназиясының 11-сынып оқушысы Нұртаева Айнур марапатталды.
Халықаралық олимпиаданың жабылу салтанатында Қазақстанның білім саласының дамуына еңбегін сіңірген әйгілі ұстаз Қанипа Бітібаеваның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиадаға белсене қатысып, дарынды балаларды қолдауға, білім сапасын арттырудағы ерен еңбегі үшін «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының бас директоры, ЮНЕСКО Клубының жетекшісі Ғани Бейсембаевтың атынан бірнеше білім қызметкерлеріне дипломдар табыс етілді.
Шараны өткізу барысында және олимпиаданың салтанатты жабылуында қатысушылар өздерінің жағымды пікірлерімен бөлісіп, олимпиаданы ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы ерекше аталып, алғыс сөздер айтылды.