+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
Катонқарағай ауданының әкімі Д.А.Тлеубаевтың Өскемен қаласында білім алып жатқан жерлес студенттермен кездесу қорытындысы
15 Қар, 05:46

2013 жылы 14 қарашада С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Катонқарағай ауданының әкімі Д.А.Тлеубаевтың Өскемен қаласындағы жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде білім алып жатқан студенттермен кездесуі өтті. Кездесуді ұйымдастырушылар – облыстық білім басқармасы, Катонқарағай ауданының әкімдігі, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы.

Кездесуге 590 студент қатысты. Қатысушыларға арнап аудан әкімі сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жағдайы мен келешегі туралы, іске асып жатқан инвестициялық жобалар жайлы, мамандар қажеттілігі және т.б. туралы айтып берді.

Шараға қатысқан құрметті қонақтардың арасында Катонқарағайдан шыққан танымал азаматтар: прозаик, ақын, драматург, ҚР білім беру ісінің үздігі Әлібек Қаңтарбаев; ақын, ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Бақытжан Райсова; филология ғылымдарының кандидаты, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың оқытушысы Бердыбек Бияров болды.

Оқу бітіріп, диплом алғаннан кейін туған жерлерінде еңбек жолдарын бастаған Қатонқарағай ауданының жас мамандары кездесуге қатысушыларға арнап сөз сөйледі. 

Кездесу барысында Д.А.Тлеубаев, сондай-ақ басқа да салалардың жауапты қызметкерлері қатысушылардың қызықтырған сұрақтарына жауап берді. 25 студент оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу туралы ниет хаттамасын толтырды, 3 студент тәжірибеден өту туралы мәселелерін шешті. Аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім студенттердің арасынан оқу озаттарына сыйлықтар  мен ақшалай көмек берілді.

Кездесуге қатысушылар тарапынан ұйымдастырушыларға алғыс сөздері айтылды. Солардың бірі - С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 2 курс студенті Оразғалиева Мадина: «Бүгінгі кездесуді өткізуге бастама көтерген облыс әкіміне өз атымнан, жалпы жастар атынан үлкен алғысымды айтамын. Жастар ауылымызға барғанда бізге не берді деп емес, мен не бере аламын деген мақсат қою керек. Мен де өзімнің туған ауылым - Жамбыл ауылының өсіп - өркендеуіне, дамуына келешекте өз үлесімді қосқым келеді» деп пікір білдірді.

Катонқарағай ауданы әкімінің Семей қаласындағы оқу орындарының жерлес-студенттерімен дәл осындай кездесуі 2013 жылы 2 желтоқсанда өтеді.