2013 жылы 12 қазанда Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан шығысқазақстандық студенттермен ШҚО әкімі Б.М. Сапарбаевтың дәстүрлі түрде кездесуі өткен болатын. Кездесудің қорытындысына сәйкес, облыс әкімінің бастамасымен 2013 жылдың 11 қарашасы мен 11 желтоқсаны аралығында аудан және қала әкімдерінің студенттермен кездесуі өткізіледі.
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Зайсан ауданының әкімдігі, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткізілген іс шараның мақсаты – студенттерді әлеуметтік қолдау, облыстың аудандары мен қалаларында іс–тәжірибеден өтуге, жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасау.
Студенттермен кездесуді алғашқы болып Зайсан ауданы 2013 жылы 11 қарашада «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген тақырыпта С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде бастады.
Кездесуге облыстың жоғарғы оқу орындарында, колледждерінде оқитын зайсандық 445 студент қатысты.
Кедесуді аудан әкімі А.А. Оңдақанов өңірдегі атқарылып жатқан істер мен жаңа жобалар туралы әңгімелеп бастады. Облыстық білім басқармасына Зайсан қаласындағы колледжде мұнайшылар дайындайтын бөлім ашуды облыстық жоспарға енгізуді ұсынды. Сөзінің соңында Алмас Аманқолұлы зайсандық жастарды туған жерлерінде еңбек жолын бастауға, іс тәжірибе үйренуге, туып-өскен ауылдарының өркендеуіне өз үлестерін қосуға шақырды.
Кездесудің құрметті қонақтары ретінде Зайсан ауданынан шыққан Республикаға, облысқа танымал өнер, спорт, мәдениет салаларының өкілдері де қатысты. Олардың арасында Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ШҚО-дағы меншікті тілшісі Оңдасын Елубай, самбодан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Жанәділ Атаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы Жадыра Канапиянова, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші, сазгер Арыстанбек Кәкиев, облыстық «Рудный Алтай», «Дидар» газеттерінің журналистері Шакерхан Азмұхамедов, Дәурен Аллабергенов және бұқаралық ақпарат өкілдері, т.б. қатысты. Олар алғашқы қызметтерін ауылдан бастағандарын, кіндік қандары тамған жерде тәжірибе жинағандарын баса айтып, студенттермен ой бөлісті.
Кездесудің алдында фойеде Зайсан ауданындағы жаңа жобалардың макеттарынан көрме ұйымдастырылды, әсем табиғаты мен ауданда атқарылып жатқан әлеуметтік, экономикалық жұмыстар жайлы мәлімет беретін слайдтар көрсетілді. Жекелеген студенттермен тәжірибеден өту және жұмысқа орналастыру туралы алдын ала ниет хаттамасы жасалды.
Озат оқу мен белсенділіктерімен көзге түсіп жүрген студенттерге аудан әкімінің мадақтама грамотасы, тұрмыстары төмен отбасылардан шыққан студенттерге сыйлықтар берілді.
Кеш соңы зайсандық өнерпаздардың мерекелік концертімен аяқталды. Зайсан ауданы әкімінің Семей қаласындағы жерлес студенттермен кездесуі 28 қарашада Семей медицина университетінде өтеді.