Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, 2013 жылы 30 қазанда Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы Өскемен қаласында «Облыстың аудандары мен қалаларында дарынды оқушыларды анықтап, дамыту және қолдау үшін жағдайлар жасау бойынша жұмысты ұйымдастыру» тақырыбында облыстық оқыту семинарын өткізді.
Семинардың мақсаты – ұстаздарға дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру бойынша көмек көрсету.
Семинарға 27 білім қызметкерлері - ШҚО аудандары мен қалаларының «Дарын» орталықтарының әдіскерлері, білім бөлімдерінің облыстық мамандандырылған мектептерінің дарынды балалармен жұмыс бойынша жауапты қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында дарындылықты дамытудың түрлі мәселелері туралы айтылды. Облыс оқушыларының түрлі деңгейлердегі интеллектуалдық олимпиадалар мен жарыстарға қатысу нәтижесі туралы ШҚ ӨҒПО «Дарын» директоры, п.ғ.к. Ж.Ж.Айтпаева аналитикалық ақпаратты ұсынып, қатысушыларға орталықтан басылып шыққан «ШҚО оқушыларының түрлі деңгейлердегі олимпиадалар мен конкурстарға, жарыстарға қатысу мониторингі» кітапшасымен таныстырды. Олимпиадаларды ұйымдастырып, өткізу барысында туындайтын мәселелер және оны шешу жолдары туралы «Дарын» орталығы директорының ұйымдастыру-педагогикалық мәселелері жөніндегі орынбасары Ж.А.Оразгалиева, оқушылар дарындылығын анықтап, дамыту бойынша педагогтармен жұмысты ұйымдастыру туралы орталық директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары, п.ғ.к. И.С.Стеблецова айтып өтті.
Дарынды балалармен жұмыста айтарлықтай нәтижелерге жеткен аудан, қала, облыстық мамандандырылған мектеп үйлестірушілері жинақталған тәжірибелерімен бөлісті. Семинарға қатысушылардың алдында Семей қаласының Шәкәрім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мектеп директорының орынбасары Т.С.Шайхынова «Дарынды балалармен жұмыста ғылыми-зерттеу қызметті ұйымдастыру», Күршім аудандық білім беру бөлімінің әдіскері М.А.Сейтбаева «Аудан жағдайында дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру», Зырян аудандық білім беру бөлімінің әдіскері М.А.Кадырбаева «Зырян ауданы жағдайында дарынды балалармен жұмыс тәжірибесінен» атты баяндамаларын оқыды. Бірлескен диалог барысында келешек жұмыстарға жоспар жасалды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша аудандардың, қалалардың, облыстық мамандандырылған мектептердің үйлестірушілерін марапаттау салтанаты өткізілді.
Семинарды қорытындылай келе қатысушылар өзектілігі мен ақпараттылығы үшін алғыстарын айтты. Семинарды дәстүрлі түрде өткізе берсе деген тілектерін білдірді.