+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
ХІV республикалық Абай оқуларының қорытындысы
06 Қыр, 11:32

2013 жылдың 3-6 қыркүйек күндері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында XIV республикалық Абай оқулары өтті.

Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері.

XIV республикалық Абай оқуларының негізгі мақсаттары:

- мектеп оқушылары арасында Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау;

- жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының шығармашылық қабілеттіліктерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;

- оқушыларды Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағытталған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.

Республикалық  Абай оқулары үш бөлім бойынша өткізілді:

- «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»- Абай мен Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу конкурсы. Қатысушы өзі жатқа білетін шығармалардың тізімін конкурс басталғанға дейін өткізуі қажет (ұлылардың шығармаларын көбірек жатқа білетін оқушыға жоғары баға қойылады);

- «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау конкурсы;

- «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар конкурсы (өз шығармаларын орындау: өлеңдер, әндер, күйлер).

Конкурсқа Қазақстан Республикасының барлық облыстарынан 64 оқушы қатысуға өтінім берді. Шығыс Қазақстан облысының атынан Семей қаласы, Аягөз, Тарбағатай және Абай аудандарының жалпы білім беретін мектептерінен 6 оқушы қатысты.

Қазылар алқасының құрамында белгілі журналистер, ғалымдар, көрнекті өнер қайраткерлері мен ақындар болды.

Конкурстың қортындысы бойынша Шығыс Қазақстанның 6 оқушысы жүлделі орындарды иеленді.

«Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша:

1 орын – Таутанова Зере – Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушысы,Абайауданы.

3 орын– Сағатбекова Әсем – мектеп-лицейі оқушысы, Аягөзауданы.

«Өлең- сөздің патшасы- сөз сарасы»номинациясы бойынша:

2 орын – Серікбекұлы Мұхтар – Көкбай орта мектебінің оқушысы, Абай ауданы.

3 орын – Тлеубеков Әлішер – №22 орта мектебінің оқушысы, Семей қаласы.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»номинациясы бойынша:

1 орын – Дәуренқызы Айдана – Қарауыл гимназиясының оқушысы, Абай ауданы.

3 орын – Құрманғожин Ерсін – Өкпеті орта мектебінің оқушысы, Тарбағатай ауданы.

Конкурстың қатысушыларына мазмұнды мәдени - танымдық бағдарлама дайындалды: биологиялық орталыққа саяхат жасады, Абай мұражайын аралап, Абай ескерткіші мен Семей ядролық полигоны құрбандарына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Қонақтар Қарауыл селосындағы Абай және Әуезов мұражайларын, «Еңлік-Кебек» ескерткіштерін тамашалап, театрландырылған көріністің куәгерлері болды.

Абай оқуларының ашылу салтанаты Абай-Шәкәрім кесенесінде өтті.

Барлық қатысушыларға сертификаттар, жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.