2013 жылы 20 мамырда ЮНЕСКО-ның Қазақстандық Ұлттық клубтар Федерациясының мүшесі, академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның атына қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиада басталды. Биылғы жылы олимпиада Қанипа Омарғалиқызының еңбек жолының 45 жылдығына арналып өткізіледі.
Олимпиаданы ұйымдастырушы - Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы.
Олимпиадаға қатысушылардың арасында Астана қаласының, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасының, Моңғолия, Ресей және Қырғызстанның дарынды оқушылары бар.
Олимпиаданың қазылар алқасының құрамында – Қазақстан Республикасының жетекші жоғарғы оқу орындарының (Қазақ қыздар педагогикалық университетінің, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, Қазақстан-Американдық еркін университетінің) ғалым-оқытушылары, сонымен қатар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, «Нұр Отан» ХДП ШҚОФ, ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қызметкерлері бар.
21 мамырда С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің залында олимпиаданың салтанатты ашылуы болды. Оған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Е.Б. Көшербаев; «Нұр Отан» ХДП ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Т.Т. Түсіпбеков, облыстық басқармалар мен орталықтардың, халықтар Достығы үйінің өкілдері қатысты.
Олимпиадаға қатысушыларға арнап Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының төрағасы, «Публичный портрет» журналының бас редакторы Ү.К.Бралкиева сөз сөйледі. Ол олимпиаданың өзектілігін атап өтіп, елдер арасында достастық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған, сондай-ақ дарынды балаларды дамытып, қолдауға жағдай жасайтын осындай маңызды да ауқымды шараны ұйымдастырып, өткізгені үшін ризащылық сезімдерін білдіріп Бішкек қаласы әкімінің атынан Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б.М. Сапарбаевқа алғыс хат табыс етті.
Олимпиаданың салтанатты ашылуына ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің студенттері, Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық балет мектебінің, Өскемен қаласының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары, «Үміт» облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Олимпиаданың ашылуы кезінде Шығыс Қазақстан облысына келген халықаралық олимпиадаға қатысушыларды таныстыру ерекше салтанатқа ие болды.
Әрбір қатысушының алдында жеңіл емес сындар тосып тұр. Жазбаша және ауызша турлар 2013 жылы 21, 22 мамырда облысмыздағы ең таңдаулы оқу орындарының бірі – Өскемен қаласындағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтеді.
Барлық қатысушыларға табыс, сәттілік, жеңіс тілейміз!