Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасымен 2026 жылғы 1 шілде мен 7 тамыз аралығында облыстың 7-8 сынып оқушыларына арналған Бұқтырма су қоймасы бойымен екі күндік туристік турлар ұйымдастырылды.
Жобаның мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін, патриотизмін, зерттеушілік дағдыларын, табиғатқа және Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетіне деген қызығушылығын қалыптастыруға жағдай жасау, сондай-ақ олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру.
Турларға облыстық, республикалық және халықаралық зияткерлік және шығармашылық байқаулардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары, оқу озаттары, балалар қозғалысының көшбасшылары, білім алушылардың өзін-өзі басқару органдарының мүшелері қатарынан 195 оқушы қамтылды.
Жоба аясында оқушылар үшін Бұқтырма су қоймасының акваториясы бойынша екі күндік теплоходпен саяхаттар ұйымдастырылды. Саяхат барысында қатысушылардың тұруы, тамақтануы және мазмұнды мәдени-демалыс бағдарламасы қамтамасыз етілді. Маршрут су қоймасының көрікті жерлері арқылы өтіп, өңірдің табиғи нысандарымен, аралдарымен және жағалау аумақтарымен танысуды қамтыды.
Тур бағдарламасы туристік жорықтар мен серуендерді, спорттық жарыстарды, шығармашылық шеберлік сабақтарын, экологиялық акцияларды, командалық ойындарды, кешкі мәдени-сауық іс-шараларын, зияткерлік викториналар мен өлкетану экскурсияларын қамтыды. Қатысушылар үшін судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, туристік дағдыларды дамыту, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және туған өлкенің табиғи мұрасын сақтау бойынша сабақтар өткізілді.