Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың өңірдің дарынды балаларымен кездесуі өтті. Кездесуге халықаралық және республикалық беделді зияткерлік олимпиадалардың, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары – мектеп оқушылары қатысты.
Ағымдағы оқу жылында Шығыс Қазақстан облысының оқушылары өңір намысын абыроймен қорғап, 171 медаль жеңіп алды, оның ішінде 37 алтын, 46 күміс және 88 қола жүлде.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыттағы қорытындысы бойынша облыс командасы республика деңгейінде үздік үштіктен орын алып, «Үздік олимпиадалық команда-2026» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының оқушылар командасы ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағытында үздік нәтиже көрсетіп, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына енген дарынды оқушылар Болгария мен Ресейде өткен халықаралық жарыстарда ел намысын қорғады.
Кездесу барысында Нұрымбет Аманұлы талантты жастарды жоғарғы жетістіктерімен құттықтап, алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектестігін білдірді. Ол өз сөзінде еліміздің болашағы сенімді қолда екеніне нық сеніммен айта алатындығын атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, оқушылар аймақ басшысына өздерінің жетістіктері мен алдағы жоспарлары жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Балалар алған әсерлерімен бөлісіп, жасалып жатқан қолайлы жағдайларға ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар олар өздеріне артылған сенімді ақтау үшін сапалы білім алып, тынымсыз еңбектенуге ниет білдірді.
Кездесу аясында республикалық және халықаралық конкурстарының жүлдегерлерінің жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды.
Дарынды балаларға облыс әкімінің атынан алғыс хаттар, ақшалай сертификаттар және «Дарын» балалардың оқу-сауықтыру орталығына жолдамалар табысталды.