12–13 ақпан 2026 жылы Қостанай облысының мамандандырылған білім беру ұйымдарының базасында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Цифрлық дәуірдегі Адал азамат: мектептегі тәрбие мен технологияның сабақтастығы» тақырыбында кеңейтілген оқу-әдістемелік кеңесінің отырысы өткізілді.
Кеңеске Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Кеңес барысында білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау, оқу-тәрбие үдерісіне жасанды интеллект пен STEM-технологияларды кіріктіру, сондай-ақ «Адал азамат» идеясы аясында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың өзекті мәселелері қарастырылды. Дарынды білім алушылармен жұмысты жетілдіруге бағытталған практикалық кейстер, инновациялық жобалар және басқарушылық шешімдер ұсынылды.
Жұмыс қорытындысы бойынша білім беру үдерісіне цифрлық құралдарды енгізу жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді, өңіраралық өзара іс-қимылдың басым бағыттары мен тиімді тәжірибелерді тарату тетіктері айқындалды. Қатысушылар цифрлық трансформация жағдайындағы тәрбиелік құрамдастың маңыздылығын және инновациялық бастамаларды жүйелі түрде қолдаудың қажеттілігін атап өтті.
Кеңейтілген оқу-әдістемелік кеңес отырысын өткізу өңірлік «Дарын» орталықтары мен мамандандырылған білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ дарынды балаларды қолдау бойынша бірыңғай әдістемелік кеңістікті одан әрі дамытуға ықпал етеді.