Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Атырау облысында 2024 жылдың 30-31 қаңтары күндері «Ұлттық құндылықтарға заманауи көзқарас және озық тәжірибе» атты республикалық оқу-әдістемелік кеңесін өткізді.
Шараның мақсаты - еліміздің интеллектуалды элитасы - жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен байланыстыра оқыту нәтижесінде инновациялық тәжірибелерді тарату.
Кеңеске Шығыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған білім беру ұйымдарының және өңірлік «Дарын» орталығының директоры қатысты.
Бағдарлама аясында қатысушылар Атырау облысындағы мамандандырылған білім беру ұйымдарында: дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназиясы, №1 «Білім-Инновация» лицей-интернаты, №3 «Білім-Инновация» лицей-интернаты, Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында болып қайтты.
Кеңеске қатысушылар инновациялық әзірлемелермен, педагогикалық идеялар жәрмеңкесі және заманауи сабақтарға қатысып, «Ұлттық мәдениет және технология» тақырыбында ұсынылған STEAM робототехника көрмесінде дарынды балалармен жұмыс істеудің перспективалық формаларымен, «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» және «Ұлттық құндылықтар – білім мен өнер негіздері» атты шеберлік-сыныбында қолөнер бұйымдарымен танысты. Сонымен қатар, қатысушылардың назарына «Ұлттық өнер - ұрпаққа аманат» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.


