+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Жалпы білім беретін ұйымдардың оқушылары арасында республикалық «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауының облыстық кезеңін өткізу ЕРЕЖЕСІ
18 Янв, 17:53

1. Жалпы ереже

1.1. Осы ереже жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында өткізілетін республикалық «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауының облыстық кезеңінің (бұдан әрі – Мәшһүр-Жүсіп оқулары) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.

1.2. Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – ДпҚББДШҚҒӘ«Дарын») ұйымдастырушылар болып табылады.

1.3. Облыстық жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында өткізілетін Мәшһүр-Жүсіп оқуларының мақсаты - философ-ақынның рухани мұрасын дәріптеу, шығармаларында бейнеленген туған жерге сүйіспеншілік, белсенді азаматтық ұстанымды өскелең ұрпақта тәрбиелеу, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту.

1.4. Мәшһүр-Жүсіп оқуларының міндеттері - Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының туындыларындағы ел мен жерді құрметтеу, аялау, қадіріне жету идеяларын жас ұрпақ бойында сіңіру, оқу-білім, өнер үйрену, адамгершілік тақырыптарын негіз еткен туындылары арқылы отансүйер, білімді, рухы берік азаматтарын тәрбиелеу, әдебиетті, тіл мен өнерді құрмет тұтатын оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштау, ғұлама еңбектерінің ел Тәуелсіздігінің бастауы болғандығын көрсету, ақынның әдеби-тарихи деректерге толы шығармалары мен фольклорлық жазбаларындағы ұлттың ұлы тұлғаларымен таныстыру, ұлы тұлғалардың істерін келешек ұрпаққа үлгі тұту, ел тарихымен сабақтастыра кейіпкердің ерекшеліктеріне бүгінгі күн талаптарына сай сараптама жасай білу.

2. Мәшһүр-Жүсіп оқуларының қатысушылары

2.1. Мәшһүр-Жүсіп оқуларына оқыту тіліне қарамастан, жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сыныптарының аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпазы атанған оқушылары қатыса алады.

2.2. Әр аудан, қала және облыстық білім мекемелері облыстық кезеңге әр бағыттан 1 оқушыдан, барлығы 4 оқушыдан ұсынады.

3. Мәшһүр-Жүсіп оқуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

3.1. Байқау 4 бағыт бойынша өткізіледі.

I бағыт - «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген».

Қатысушы ұсынылған тақырыптың (Мәшһүр-Жүсіптің шығармашылығынан) біріне өз шығармасын арнайды. Өз өрнегі мен ойын ақын ойларына көркем сабақтастыра алуы, өлеңдерін мәнерлеп, көркем оқи білуі шарт. Бағалауда өлеңнің идеясы, ақын тақырыбымен үндестігі, өз өрнегі мен көркемдік сипаттары негізге алынады.

II бағыт - «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы».

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармаларындағы көркем ой, талғам мен түсінік, ұлттық танымның ерекшеліктерін, адамзат, ұлт руханиятындағы мәнімен сабақтастыра отырып, ғылыми зерттеу жобасын қорғау. Жоба шарттары: көлемі 20-25 бет болуы; тақырыптың нақтылығы, өзектілігінің белгіленуі, мақсат-міндеттердің дұрыс қойылуы; қажетті ғылыми, көркем әдебиеттің, т.б. дерек көздерінің жеткілікті болуы және зердеден өткізілуі; тұжырымдардың ғылыми талдануы, әдіс-тәсілдерінің нақтылығы; бөлімдер мен тарауларға дұрыс бөлініп, әр бөлім, тарау бойынша қорытынды жасалуы; қорытындысының дұрыс жасалуы. Ғылыми жұмысты қорғауға 5-7 минут уақыт беріледі.

ІІІ бағыт – «Білімді зерек адам болам!» - десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен».

Ұлы баба шығармаларындағы ойларды кеңейтіп, ұлт тарихымен, ұлттық әдебиет мазмұнымен байланыстырып, эссе жазу. Эссе шарттары: құрылымының нақтылығы, кіріспе мен негізгі бөлімнің ара-жігін дұрыс бөліп, ой желісін тарату мен жүйелі баяндауда құрылымдық белгіні сақтай алуы, кіріспеде шығарма тақырыбы туралы әдебиеттегі ойлар мен пікірлер, қоғам үшін қажеттілігі, өмірді, ортаны түсінудегі мәні қамтылуы тиіс, негізгі бөлімде көтерілген мәселелер, тақырыпты ашуға қажет деректер мен дәлелдердің, жүйелі ойлардың болуы, қорытындыда негізгі бөлімдегі алынған нәтижелер мен ойлардың түйіні, тақырыптың маңызы айтылу қажет. Эссе құрылымының шарттары жалпы үлгі ретінде ұсынылады.

IV бағыт – «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары және «Ұлы даланың ұлы есімдері».Ғұламаның фольклорлық жазбаларындағы ұлттың ұлы тұлғаларын сипаттау. «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар», «Әнші-ақындар», «Бақсы және тылсым күш иелері» жіктеулерінің бірін қорғау. Тұлға туралы қандай деректер келтіреді, қандай оқиға арқылы кейіпкерді ашады, оның қандай немесе неше нұсқасы бар т.б. мәліметтерді жинақтап талдауы шарт. Кейіпкерлер галереясын талдай білумен бірге топтау, ерекшеліктерін тану талап етіледі. Қатысушы өзі таңдап алған кейіпкерлер туралы толық мәліметтерді жеткізе білуі қажет. Қорғау кезінде шығармашылық қабілет және талдау мен деректерді жүйелеу, тарихи-әдеби, рухани мәнін аша білуі шарт. Қандай жанр және тәсіл арқылы қорғау қатысушылардың өз еркінде.

3.3. Мәшһүр-Жүсіп оқулары 3 кезеңде өткізіледі:

1 кезең - аудандық, қалалық;

2 кезең - облыстық;

3 кезең - республикалық (а.ж. мамыры).

Облыстық кезеңнен әр бағыт бойынша бірінші орын алған оқушылар байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.

3.4. Мәшһүр-Жүсіп оқуларының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.

3.5. Ұйымдастыру комитеті Мәшһүр-Жүсіп оқуларының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, іс-шараның өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздарды марапаттайды.

3.6. Қазылар алқасының құрамы жоғарғы оқу орнының ғалымдарынан және аға оқытушыларынан, облыстық орталықтардың қызметкерлерінен, жазушы журналистерден тұрады.

3.7. Қазылар алқасы:

3.7.1. Қатысушыларды білімі мен өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді, талдау жасайды және 10 балдық жүйемен бағалайды;

3.7.2. Қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;

3.7.3. Жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.

3.8. Мәшһүр-Жүсіп оқуларының облыстық кезеңі 2024 жылдың 21 ақпанында Өскемен қаласында Оқушылар шығармашылық сарайында (А. Чехова көшесі, 63 үй) өткізіледі. Облыстық кезеңге қатысу үшін сұранысты ұйымдастыру комитетіне 2024 жылдың 15 ақпанына дейін konkurs.vko@mail.ru электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.

4. Қорытындылау және марапаттау

4.1. Мәшһүр-Жүсіп оқуларының жеңімпаздары әр бағыт бойынша І, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Жүлделі орын алмаған оқушыларға сертификат беріледі.

5. Мәшһүр-Жүсіп оқуларын қаржыландыру

5.1. Мәшһүр-Жүсіп оқуларын қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы есебінен жүзеге асырылады.

5.2. Облыстық кезеңге қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары (келу - қайту жолы, жататын орны мен тамақтануы) жіберуші жақ есебінен төленеді.