2024 жылдың 3-6 қаңтары аралығында республика бойынша бір уақытта жалпы білім беретін пәндерден 9-11 сынып оқушыларының республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті (бұдан әрі – Олимпиада).
Олимпиаданың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi: шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау.
Олимпиаданың облыстық кезеңіне аудандық (қалалық) кезеңнің жеңімпаздары мен облыстың олимпиадалық резервінің мүшелерінен 400-ден астам оқушы қатысты.
Олимпиаданың облыстық кезеңі С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты базаларында өткізілді.
Қатысушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын облыстағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессорлары мен ғылым докторлары, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері кіретін білікті қазылар алқасы бағалады.
Олимпиаданың 2 кезеңінің қорытындысы бойынша 197 қатысушы жүлдегер атанды: 46 оқушы І дәрежелі дипломмен, 61 оқушы ІІ дәрежелі дипломмен, 90 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанатында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Чернышёва Инесса Александровна барлық қатысушыларды құттықтап, келешекте жаңа Олимп шыңын бағындыруларын тіледі.
Сондай-ақ жабылу салтанатында командаларға жалпыкомандалық жүлделі орындар берілді.
«Үздік олимпиадалық команда» кубогымен және І дәрежелі дипломмен:
- Өскемен қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінің командасы;
- Өскемен қаласының командасы;
- Алтай ауданының командасы марапатталды.
«Үздік олимпиадалық команда» кубогымен және ІІ дәрежелі дипломмен:
- Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты командасы;
- Зайсан ауданының командасы;
- Күршім ауданының командасы марапатталды.
«Үздік олимпиадалық команда» кубогымен және ІІІ дәрежелі дипломмен:
- Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының командасы;
- Катонқарағай ауданының командасы марапатталды.
Олимпиада жүлдегерлерін, олардың ата-аналары мен мұғалімдерін құттықтаймыз! Жаңа жетістіктер мен табыстар тілейміз!




