+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша ХІХ Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңі
Мамандандырылған білім беру ұйымдары педагогтарына арналған «Өзгеріске толы әлемдегі дарынды балаларға арналған білім беру кеңістігінің миссиясы мен құндылықтары» тамыз кеңесінің қорытындысы
16 Там, 16:31

2023 жылдың 15-16 тамызы күндері Сүлеймен Демирел атындағы университеті (Алматы облысы, Қаскелең қаласы) базасында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметкерлеріне арналған «Өзгеріске толы әлемдегі дарынды балаларға арналған білім беру кеңістігінің миссиясы мен құндылықтары» тамыз педагогикалық кеңесін өткізді.

Шараның мақсаты – дарынды балаларды оқыту, тәрбиелеу процесінің сапасын арттырудың перспективалық тәжірибесін дамыту, сондай-ақ, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі басым құндылықтарды анықтау.

Педагогикалық конференция жұмысына аймақтық «Дарын» орталықтарының басшылары, мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары, директордың орынбасарлары қатысты.

Конференцияның бірінші күні қатысушылар үшін: «Әлем – дарынды балалар көзімен» фотогалереясы, пленарлық отырыс, панельдік сессиялар, республика мен облыстардың инновациялық идеялар панорамасы, «Біздің күшіміз – бірлікте!» педагогикалық қонақжай ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың 16 тамызы күні «Дарын-25» конференциясы «Дарынның дара жолы» видеофильмінің көрсетілімімен ашылды. Қатысушыларға құттықтау сөздерін: педагогика саласының еңбек ардагері –Битуова Тілдаш Рысқұлбекқызы, Сүлеймен Демирел атындағы университеттіңректоры –Игенбаев Әлімжан Бекежанұлы арнады.Сонымен қатар, пленарлық отырыста «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тұрсынов Ғаждембек Қуанышұлы баяндама оқыды.

Конференцияның салтанатты бөлімінде «Ең үздік мамандандырылған білім беру ұйымы – 2023 жыл», «Олимп шыңын бағындырған», «Үздік директор –2023» Республикалық байқауларының қорытындысы жарияланды.

Нәтижесінде «Ең үздік мамандандырылған білім беру ұйымы – 2023 жыл» номинациясымен Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейі және дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенi марапатталды.

Сапалы білім мен саналы тәрбие беруде қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығының директоры Рахимжанова Гаухар Болатбекқызы, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Ушакбаев Жанбол Каирдинович, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен облыстық мамандандырылған ІТ-мектеп-лицейінің директоры Савинова Людмила Николаевна марапатталды.

Конференцияның барлық қатысушыларына мерейтойлық төсбелгілер табысталды.