+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
Қазақ тілі мен әдебиетінің білгірлері Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадасына жиналды
05 Мамыр, 09:37

2023 жылдың 2-4 мамыры аралығында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының «Дарын» орталығымен бірлесіп, қазақ тілі мен әдебиетінен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданы өткізді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 9-11 сынып оқушыларының білімдерін тереңдету және жетілдіру, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында республиканың білім беру ұйымдарының 169 дарынды оқушысы жиналды.

Олимпиаданың ашылу салтанаты «Ертіс концерт» Орталық мәдениет сарайында өтті. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаевтың олимпиада ұйымдастырушылары мен қатысушыларына арнап жолдаған құттықтау сөзі оқылды. Министрліктің өкілі З. Аманова, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары А. Ақылбек олимпиада қатысушыларын құттықтап, сәттілік тіледі.

Қатысушылар үшін мәдениет сарайының сахнасында Қанипа Бітібаеваның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби композиция қойылып, республикалық, халықаралық шығармашылық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.

Олимпиада дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат базасында өтті. Олимпиаданың республикалық кезеңі эссе жазу мен сұрақтарға ауызша жауап беруді қамтитын екі кезеңнен тұрды.

Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиетінің шығармаларын, Қ.О. Бітібаеваның өмірбаянын, ғылыми-педагогикалық мұрасын және публицистикалық еңбектерін білу бойынша сайысқа түсті.

Қазылар алқасының құрамына ғалымдар, Республиканың үздік жоғарғы оқу орындарының оқытушылары кірді.

Олимпиада өткізілу уақытында балалардың тұратын және өткізілетін жерінде қоғамдық тәртіпті, олардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы мен ШҚО ішкі істер басқармалары тәулік бойы кезекшілік атқарды. Қатысушылардың жатын орындары мен шара өтетін жерлері тексерілді. Жатын орындары мен тамақтанулары санитарлық талапқа сай болуы ШҚО санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасымен келісілді. Өрт қауіпсіздігінің сақталуын ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өз бақылауында ұстады.

Олимпиада қатысушылары үшін көлік қызметі ұйымдастырылып, ШҚО ішкі істер департаменті Жол полициясы қызметкерлерінің бірге ілесіп жүруімен кесте бойынша қала ішінде қозғалыс қамтамасыз етілді.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен олимпиаданың салтанатты жабылуында алғы сөзбен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ж. Карамбаев олимпиада ұйымдастырушыларына алғысын айтып, қатысушы дарынды оқушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 81 жеңімпаз бен жүлдегер Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен (I орын – 17 оқушы, II орын – 23 оқушы, III орын – 41 оқушы), 29 оқушы «Ерекше жетістіктері үшін» Оқу-ағарту министрлігінің грамотасымен марапатталды.

Республикалық олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысынан 16 оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша облысымыз 12 жүлделі орынға ие болды (І орын – 2 оқушы, ІІ орын – 3, ІІІ орын – 3, грамота - 4).

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ректорының білім гранты Күршім ауданы, Н. Островский атындағы №4 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Нұрхай Аякөзге, Шәкәрім атындағы Семей университетінің гранты Абай облысы Ақсуат ауданының М. Әуезов атындағы Көкжыра орта мектебінің 11 сынып оқушысы Мұратжанова Маралға табыс етілді.

Бітібаевтар әулеті атынан ерекше көзге түскен жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар берілді.

Олимпиада аясында қатысушыларға мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды: облыстық драма театрында өткен қойылымды тамашалап, «Музыкалық терапия» шарасына қатысты, жетекшілер үшін шеберлік сыныбы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының «Ұстаздар үйіне» экскурсия ұйымдастырылды.

  Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз!

Сәттіліктер мен жоғары жетістіктер тілейміз!