Бүгін, 2023 жылдың 15 сәуірінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті алаңында Қазақстандағы Ғылым күніне орай «Оқушыларға арналған ғылым фестивалі» атты іс-шара аясында зерттеу жұмыстар мен ғылыми-техникалық, IT жобалар мен робототехника көрмесі өтті.
Көрменің мақсаты - ғылыми білімді насихаттау, оқушылардың ғылыми қызметке деген қызығушылығын дамыту, оқушыларды ғылыми жарыстарға қатысуға дайындау, өскелең ұрпақтың зияткерлік және шығармашылық деңгейін дамыту.
Көрмеге дарынды оқушылар – 2023 жылғы республикалық және халықаралық зерттеу конкурстарының: 2-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» зерттеу жұмыстары мен жобалар конкурсы, жалпы білім беретін пәндер бойынша зерттеу жобалар конкурсы, математика және механикадан Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық зерттеу жобалары конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.
Қатысушылар өздерінің ғылыми жобаларын, модельдер мен компьютерлік бағдарламаларды көрсете отырып ұсынды.




