2012 жылдың 8 желтоқсанында білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңін өткізді.
Шараның өткізілу мақсаты – оқушылардың ғылыми білімдерін насихаттау, ғылыми зерттеуге қызығушылықтарын арттыру, облысымыздың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру.
Конкурс 4 бағыт бойынша өткізілді:
1. Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны (секциялар: физика, техника, Жер және космос туралы ғылымдар);
2. Экономикалық және әлеуметтік процесстерді математикалық модельдеу (секциялар: математика, қолданбалы математика, экономика, информатика);
3. Таза табиғи орта – Қазақстан – 2030 стратегиясын іске асырудың негізі (секциялар:биология, химия, қоршаған ортаны және адамзат денсаулығын қорғау);
4. Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары (секциялар: тарих, өлкетану, этномәдениеттану, әдебиет, тіл білімі).
Оқушылардың ғылыми жобалары төмендегідей бағалау өлшемдерімен бағаланды: шығармашылық қабілеттілігі, ғылыми ойлауы, қолданылған зерттеу әдістерінің тиімділігі, тақырыпты ашу дәрежесі, шеберлігі, шешендігі, ұсынылатын материалдың сапасы, айқындылығы, командалық жұмыстар үшін команда мүшелерінің үйлестіру деңгейі.
Қазылар алқасының құрамында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, Семей қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтының, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің, Семей қаласындағы қазақ гуманитарлық-құқықтық инновациялық университетінің, Қазақ қаржы-экономика университетінің, Семей қаласындағы мемлекеттік медицина университетінің, Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының, «Шығыс» аймақтық орталығының жетекші мамандары болды.
Конкурстың сапалы өткізілуін бақылау үшін «Нұр Отан» өкілдері, БҰҰ-ның халықты тұрақтандыру UNFPA қорының белсенділері, жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерінен бақылаушылар болды.
Ғылыми жобалар конкурсына қатысуға барлығы 1312 тапсырыс берілді. Конкурстың іріктеу кезеңіне 461 жоба жіберілді. Жарыстың облыстық кезеңіне қатысуға 315 оқушы (259 жоба) шақырылды. Оның қорытындысы бойынша 167 оқушы (133 жоба) жүлдегер атанды.
2012 жылдың 11 желтоқсанында конкурстың облыстық кезеңінің жүлдегерлері республикалық кезеңнің І айналымы – он-лайн тестілеуге қатысады. Оның қорытындысы бойынша 60-тан жоғары ұпай жинаған оқушылардың жұмыстары конкурстың республикалық кезеңінің соңғы іріктеу айналымына жіберіледі. Қатысушыларға сәттілік тілейміз!