2023 жылдың 13-18 ақпаны аралығында республика бойынша бір уақытта жалпы білім беретін пәндерден 9-11 сынып оқушыларының республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.
Олимпиаданың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi: шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау, Қазақстан Республикасында білім берудің беделiн көтеру.
Олимпиаданың облыстық кезеңіне аудандық (қалалық) кезеңнің жеңімпаздары мен облысымыздың олимпиадалық резервінің мүшелерінен 400-ден астам оқушы қатысты.
Олимпиаданың облыстық кезеңі Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында электронды форматта "1 компьютер-1 оқушы-1 камера" қағидасы бойынша "EL UMITI цифрлық онлайн платформасы" ақпараттық жүйесінде прокторинг сервисін қолданумен өткізілді. Қатысушыларға жауап парақтары, тапсырмаларды алу үшін жеке логин, пароль берілді. Олимпиада Youtube арнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Олимпиаданың ашықтығы мен академиялық адалдығын бақылау үшін Олимпиада өткен орындарда тәуелсіз бақылаушылар ретінде ата-аналар қауымдастығының өкілдері, журналистер қатысты.
Қатысушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын облыстағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессорлары мен ғылым докторлары, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері кіретін құзыретті қазылар алқасы бағалады.
Олимпиаданың 2 кезеңінің қорытындысы бойынша 190 қатысушы жүлдегер атанды: 49 оқушы І дәрежелі дипломмен, 55 оқушы ІІ дәрежелі дипломмен, 86 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.