2022 жылғы 21-22 қыркүйекте Өскемен қаласының О. Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығы базасында жеңіл атлетикадан Қазақстандық Арнайы Олимпиаданың ашық турнирі өтті.
Турнирдің негізгі мақсаты - арнайы Олимпиадалық қозғалысты насихаттау, спортпен айналысуға зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі жаңа спортшыларды тарту, оларды әлеуметтендіру және қоғамға кіріктіру.
Турнир Special Olympics Inc. спорт ережелеріне сәйкес келесі бағдарламалар бойынша өткізілді: жүгіру (50, 100 және 200 метр); орнынан ұзындыққа секіру; доп лақтыру мен эстафета.
Қатысушылардың жас топтары: 12-15 жас, 16-21 жас, 22 және одан жоғары.
Турнирге Қазақстандық Арнайы Олимпиада филиалдарының, Астана қаласының, Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстарының медициналық-әлеуметтік мекемелері мен әлеуметтік мектептерінен 17 команда қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы командасының атынан 12-15 жас және 16-21 жас аралығында 30 спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының спортшылары жекелей есепте 16 – алтын, 15 - күміс, 9 - қола медальдарды иеленді
Спортшыларымызды жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта табыстар мен жеңістер тілейміз!
