І. Жалпы ереже
1.1. Осы ереже жалпы білім беретін ұйымдары оқушыларының арасында өткізілетін облыстық Абай оқуларының (бұдан әрі - Абай оқулары) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қызметін, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.
1.2. Абай оқуларының ұйымдастырушысы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі - ДпҚББДШҚҒӘО «Дарын»).
1.3. Абай оқуларының негізгі мақсаты қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.
1.4. Абай оқуларының негізгі міндеттері Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
ІІ. Абай оқуларының қатысушылары
2.1. Абай оқуларына оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың, облыстық білім мекемелерінің, Шығармашылық үйлерінің, өнер, музыка мектептерінің 8-10 сыныптарының қалалық, аудандық кезеңдерінің жеңімпаздары атанған оқушылар, яғни квотаға сәйкес (қосымша 1) әр номинацияға 1 оқушыдан 6 үміткер қатысады. Абай оқулары қазақ тілінде жүргізіледі.
ІІI. Абай оқуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі
3.1. Абай оқулары 6 номинация бойынша өткізіледі:
1. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы – Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурсы. Қазылар алқасы бұл номинацияда оқушының жатқа білетін Абай шығармаларының санына, сонымен қатар ұмытпай, жаңылмай оқуларына байланысты бағалайды.
2. «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша Абай қарасөздерін жатқа, мәнерлеп оқу. Бұл номинация бойынша оқушының жаттаған қарасөздерінің саны ескеріледі, сонымен қатар оны толық білулері, ұмытпай, жаңылмай оқуларына байланысты бағаланады.
3. «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» номинациясы бойынша Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу. Бұл номинация бойынша шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлеп айтуы, толық білуі бойынша бағаланады.
4. «Көңілім әнді ұғады» номинациясы – оқушының Абай және Шәкәрім әндері мен күйлерін орындау шеберлігі бағаланады.
5. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы – оқушылардың өз шығармалары (поэзиялық) бағаланады, оқушыға ақындығын бағалау үшін кез келген тақырыпта өлең шығару тапсырмасы беріледі, жинағына енгізілген өлеңді оқуға болмайды.
6. «Ұлылар әлемі» номинациясы – Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына, рухани болмысына қатысты тақырыпқа (ұсынылған тақырыптардан таңдау) эссе жазу.
Қатысушының теориялық білімін, шығармашылық қабілетін тексеру мақсатында эссе жұмысы бойынша арнайы 3 тақырып ұсынылады. Оқушы бір тақырыпты таңдап 1 сағат 30 минут көлемінде эссе жазып тапсырады.
3.2. Абай оқулары 3 кезеңде өткізіледі:
1 кезең - қалалық, аудандық - сәуір;
2 кезең - облыстық - мамыр;
3 кезең - республикалық – тамыз, қыркүйек.
3.3. Абай оқуларының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін облыстық ұйымдастыру комитеті құрылады.
3.4. Ұйымдастыру комитеті Абай оқуларының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, ісшараның өткізу бағдарламасын, қатысушылардың тізімін бекітіп, жеңімпаздарды марапаттайды.
3.5. Қазылар алқасының құрамы жоғарғы оқу орнының ғалымдарынан және аға оқытушыларынан, облыстық орталықтардың және мәдениет салаларының қызметкерлерінен, жазушы журналистерден тұрады.
3.6. Қазылар алқасы:
1) қатысушыларды білімі мен өнерін бағалаудың өлшемдерін бекітеді, талдау жасайды және он баллдық жүйемен бағалайды;
2) қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;
3) жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі.
3.7. Абай оқуларының облыстық кезеңі 2022 жылдың 18-19 мамырында Абай ауданы, Қарауыл ауылында бағдарламаға сәйкес (қосымша 3) өткізіледі. Аудандардың/қалалардың білім бөлімдері басшыларының қолы қойылған сканерленген және электрондық форматтағы қатысушылар туралы мәлімет көрсетілген өтінімді және үш номинация бойынша жаттаған өлеңдерінің тізімін (қосымша 2) сәйкес texno_otdel@mail.ru электронды поштасына 2022 жылдың 16 мамырына дейін жіберу керек.
ІV. Қорытындылау және марапаттау
4.1. Абай оқуларының жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Жүлделі орындарға ие болмаған қатысушыларға сертификат беріледі.
V. Қаржыландыру
5.1. Байқаудың облыстық кезеңін өткізуді ДпҚББД ШҚ ҒӘ «Дарын» орталығы бекітілген сметаға сәйкес қаржыландырады.