2012жылдың 05-06 қыркүйек күндері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында XІII республикалық Абай оқулары өтті.
Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері.
XІII республикалық Абай оқуларының негізгі мақсаттары:
- мектеп оқушылары арасында Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау;
-жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының шығармашылық қабілеттіліктерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;
-оқушыларды Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағытталған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.
Республикалық Абай оқулары үш бөлім бойынша өткізілді:
- «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» - Абай мен Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу конкурсы. Қатысушы өзі жатқа білетін шығармалардың тізімін конкурс басталғанға дейін өткізуі қажет (ұлылардың шығармаларын көбірек жатқа білетін оқушыға жоғары баға қойылады).
- «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау конкурсы.
- «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар конкурсы (өз шығармаларын орындау: өлеңдер, әндер, күйлер).
Республикалық Абай оқуларына әр облыстан, республикалық мектеп-интернаттардан бірінші орын алған оқушылар, Астана, Алматы қалаларының Абай оқуларының жеңімпаздары қатысты.
Әр облыстан Абай оқуларының әр бөліміне бір оқушыдан және Шығыс Қазақстан облысынан дәстүрлі түрде екі команда: облыс пен Абай ауданының құрама командалары қатысты.
ХІII республикалық Абай оқуларына қатысушыларды білікті қазылар алқасы сараптады. Қазылар алқасының төрағасы: М.Оспанов – ақын, республикалық «Абай» журналының бас редакторы. Қазылар алқасының мүшелері: Р.М.Баттал - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң орта білім департаментінің бас сарапшысы, Абай ауданының Құрметті азаматы, З. Шілдебайұлы – ақын, республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының бас редакторы, М.Сермағамбетов – «Қазақстан мұғалімі» газетінің бас редакторы, Қ.Т.Бибеков - Семей мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультеті кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Д.С. Омарбаева - ақын, Семей қалалық халық ақындар орталығының жетекшісі; Б.Ш. Шағатаева - ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Абай ауданының Құрметті азаматы, Т.Жанғалиев - ақын, Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Абай ауданының Құрметті азаматы, Н.Қ. Жүсіпов-С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі,профессор, ф.ғ.д., А.Қ.Тұрышев - С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д, Қ.Қ.Жүнісханова – «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының» Тілдерді дамыту және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, Ғ.Ғ. Смағұлова - ҚР БҒМ Қарағанды облысы бойынша педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі.
Конкурстың қатысушыларына мазмұнды мәдени - танымдық бағдарлама дайындалды: Абай ауданы шекарасында «Еңлік – Кебек» ескерткіші басындағы, Үй тастағы, Шілікті кезеңіндегі театрландырылған көрініс ұйымдастырылды. Қонақтар Абай мұражайына, Невзоровтар мұражайына, Бөрлідегі Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы (Абайдың туған жеріне), Абай мұражайларын тамашалады.
Абай оқуларының ашылу салтанаты Абай-Шәкәрім кесенесінде болды.
XІII республикалық Абай оқуларына барлығы әр облыстан, республикалық мамандандырылған мектептерден 67 оқушы қатысып, «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша 1 оқушы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бас жүлдесінің иегері болып, әр номинация бойынша I орынға 4 оқушы, ІI орынға 7 оқушы, ІII орынға 7 оқушы ие болды, 15 оқушы 3 бөлім бойынша әртүрлі номинация иегерлері болды.
Республикалық Абай оқуларының қортындысы:
«Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша:
1 орын - Байбурина Мөлдір – №32 орта мектеп оқушысы, Семей қаласы.
«Өлең- сөздің патшасы- сөз сарасы» номинациясы бойынша:
2 орын - Сайлаубекова Алима – Шакарим атындағы орта мектеп оқушысы, Абай ауданы;
3 орын - Ахметказина Аяулы – №13 орта мектеп оқушысы, Семей қаласы.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша:
2 орын - Мұратов Серік – Қарауыл гимназиясының оқушысы, Абай ауданы;
3 орын - Кенжебекұлы Қуандык – №47 орта мектеп оқушысы, Семей қаласы.
Жұмабеков Ерзат – Тоғжігітов атындағы мектеп, Абай ауданы – мақтау қағазымен марапатталды
Байқауға қатысушыларға бағалы сыйлықтар, сертификаттар табыс етілді.