2021 жылдың 9-12 ақпаны аралығында жас зерттеушілерден құралған Шығыс Қазақстан облысының командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсына алғаш рет онлайн режимде қатысты.
Жыл сайынғы конкурс биылғы жылы еліміздің барлық өңірлерінен 750 оқушыны (576 ғылыми жоба) қамтыды.
Конкурсқа Шығыс Қазақстан облысының командасы 4 бағыт бойынша 34 жоба ұсынды: «Ғылыми-техникалық прогресс, экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процесстердегі математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан – 2030 стратегиясын іске асырудың негізі» және «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары». Республикалық кезеңге қатысушылар конкурстың барлық кезеңдерінен өтіп, ғылыми жобаларын лайықты қорғап шықты.
Конкурстың қорытындысы бойынша ҚР БҒМ І дәрежелі дипломымен және алтын медальдармен - 2, ІІ дәрежелі дипломмен және күміс медальдармен - 3, ІІІ дәрежелі дипломмен және қола медальдармен - 11 оқушы марапатталды.
Сонымен қатар, ерекше жетістіктер көрсеткені үшін «Дарын» РҒПО грамотасымен 4 қатысушы марапатталды.
Жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін, ата-аналарын лайықты жеңістерімен құттықтаймыз!
Болашақта жеңістер мен табыс тілейміз!


