2021 жылдың 26-28 қаңтары аралығында бір мезгілде республиканың барлық өңірлерінде онлайн режимде 1-7 сынып оқушыларына арналған XVI Республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының қорытынды кезеңі өткізілді.
Конкурс жыл сайын балалардың зерттеу қызметіне дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының зияткерлік-шығармашылық әлеуетін ынталандыру мақсатында өткізіледі.
Конкурсқа ғылымға қызығушылық танытқан еліміздің 400-ге жуық жас зерттеушілері қатысты. Бұл конкурста Шығыс Қазақстан облысының намысын 30 оқушы (23 жоба) - облыстық кезеңнің жеңімпаздары қорғады. Жас зерттеушілер өздерінің қызықты және бірегей тақырыптарымен байқауға лайықты түрде қатысты.
Конкурстың қорытындысы бойынша ШҚО құрама командасының жетістіктер қоржынында: 4 - бірінші, 12 - екінші және 8 - үшінші орын бар. Сонымен қатар, 3 қатысушы көрсеткен ерекше жетістігі үшін Республикалық Ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының грамотасымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін, сондай-ақ ата-аналарын лайықты жеңістерімен құттықтаймыз!