Шығыс Қазақстан облысының командасы 2020 жылғы 6-8 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Қосымша білім беру республикалық оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен «Фортепиано» бөлімдерінің жас музыкант білім алушылары мен балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің хор ұжымдарының 53 – ші республикалық конкурсына қатысты.
Фестиваль-байқаудың мақсаты: оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәрбиесін жетілдіру, олардың орындаушылық шеберлігін арттыру, заманауи қоғамда музыкалық өнерді насихаттау, музыкалық өнер мен білім берудегі жаңа прогрессивті үрдістермен классикалық дәстүрлердің өзара әрекеттесуін іздеу, балалар музыка мектептері мен өнер мектептерін дамыту, білім алушылардың тұлғасын тәрбиелеудегі, оқытудағы және шығармашылық дамуындағы олардың рөлін арттыру.
Фортепиано бөлімдерінің оқушыларының республикалық Фестиваль-байқауы үш жас санаты бойынша өткізілді. Хор ұжымдарының фестиваль-конкурсына жоғары сынып оқушылары қатысты.
Фестиваль қорытындысы бойынша біздің команда келесі нәтижелерді көрсетті:
Фортепиано бөлімі:
1) 2 орын – 7-9 жас аралығындағы кіші топ - Тайырбергенов Глеб (№1 Балалар музыка мектебі, Өскемен қаласы);
2) 2 орын – 13-17 жас аралығындағы үлкен топ – Сагандыков Санжар (Риддер қаласы, Балалар музыка мектебі);
3) 3 орын – 13-17 жас аралығындағы үлкен топ – Мұхамедқалиев Сұлтан (Өскемен қаласы, №15 Балалар өнер мектебі);
4) Семей қаласының «№1 Балалар музыка мектебінің» хор ұжымы «Дарынды ұжым» номинациясын алды.
Балаларға жаңа жетістіктер, орындаушылық шеберлік пен тұлғаның шығармашылық дамуын тілейміз!