2017 жылдан бастап жыл сайын өтетін зияткерлік жарыс Азия және
Иберо-Американ физикалық олимпиадалары үлгісі бойынша өткізіледі.
Еуропалық физика олимпиадасына әлемнің барлық мемлекеттерінен
20 жасқа дейінгі дарынды балалар қатысады.
Осы жылы олимпиада 20-26 шілде аралығында онлайн режімінде өткізілді. Олимпиадаға 57 мемлекеттен 250 оқушы қатысты. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамы Европалық олимпиадаға алғаш рет қатысты.
Олимпиада екі кезеңде өтті: тәжірибелік және теориялық.
Олимпиада нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық командасы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальдарға ие болды.
Семей қаласындағы облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің оқушысы – Мағауин Расұл Олимпиада жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасының қоржынын алтын медальмен толықтырды.
Расұл – ҚР ұлттық олимпиада құрамының мүшесі, халықаралық (Азиялық олимпиада, Жәутіков олимпиадасы – 2018, 2019, 2020 жж., Юниорлық олимпиада, оқушылардың «Туймаада – 2018» олимпиадасы), республикалық (Оқушылардың республикалық олимпиадасы – 2017, 2018, 2019 жж.) олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.
2019 жылы Расұл «Ел үміті» бастамасын жүзеге асыру аясында өткізілген «Ел мақтанышы» премиясымен марапатталған Елбасымен кездесуге шақырылды. Сол жылы премия алғаш рет табысталған. Оның иегерлері – оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары болды.
Расұл біздің облысымыздың мақтанышы. Ол Шығыс Қазақстан облысын және біздің мемлекетімізді халықаралық аренада өзінің жетістіктерімен лайықты көрсетіп, әлемге танытуда.
Біздің жеңімпазды, оның ата-анасын, мұғалімдері мен тәлімгерлерін құттықтаймыз!
Табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!