1. Жалпы ережелер
1.1. Берілген ереже бастауыш сынып оқушыларының облыстық «Балдырған» олимпиадасын (бұдан әрі – Олимпиада) өткізудің тәртібін, мақсатын, міндеттерін анықтайды.
1.2.Олимпиаданың негізгі мақсаттары мен міндеттері: ғылыми білімді насихаттау, оқушылардың зияткерлік дәрежесін жоғарлату, дарынды балаларды анықтау мен дамыту үшін қажетті жағдай жасау, жетістікке жетуге уәждеме қалыптастыру болып табылады.
1.3. Олимпиаданың ұйымдастырушылары: Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі – «Дарын» ШҚ ДпҚББДҒӘО).
1.4. Олимпиаданың жұмыс тілдері қазақ және орыс тілдері болып табылады.
2. Олимпиаданың жұмысшы органдары
2.1. Олимпиаданы дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру үшін ұйымдастыру комитеті құрылады.
2.2. Ұйымдастыру комитеті:
- олимпиаданың жалпы өткізілу тәртібін анықтайды, тікелей басшылықты жүзеге асырады;
- олимпиаданың қорытындысына талдау жүргізіп, жалпыландырады;
- олимпиада өткізілгенге дейін тапсырмалардың құпиялығына жауап береді;
- олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды.
3. Қатысушылардың құрамы
3.1. Олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарының командалары қатысады. Командалар олимпиаданың аудандық, қалалық кезеңдерінің қорытындысы бойынша құралады.
3.2. Олимпиада қатысушылары Шығыс Қазақстан облысының жалпы білім беретін мектептерінің және мамандандырылған білім беру мекемелерінің 3, 4 сынып оқушылары (оқу тіліне қарамастан) болып табылады.
Команда бекітілген квота бойынша (1 қосымша) 16 оқушы және 1 жетекшіден құралады.
4. Олимпиаданың өткізілу тәртібі, мерзімі мен орны
4.1..Олимпиада Ш кезеңде өткізіледі:
- бірінші кезең – мектепішілік (наурыз айының бірінші онкүндігі);
- екінші кезең - аудандық/қалалық (наурыз айының екінші онкүндігі);
- үшінші кезең - облыстық (сәуір айының бірінші оңкүндігі).
4.2. Жұмыс жазбаша түрде орындалады. Тапсырмаларды орындау уақыты – 90 минут, бейнелеу өнері – 120 минут.
5. Олимпиада жеңімпаздарын марапаттау
5.1..Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі.
6. Қаржыландыру
6.1. Олимпиаданың қаржыландырылуы құрылған және бекітілген шығындар сметасына сәйкес жүзеге асырылады.
6.2. Олимпиадаға қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығындары бағыттаушы білім мекемесінің есебінен өтеледі.