І. Жалпы ережелер
1.1. Осы ереже 5-6 сынып оқушыларына арналған облыстық кешенді олимпиаданың (бұдан әрі – Олимпиада) мақсаттары мен міндеттерін, ұйымдастырушылық қамтамасыз ету, өткізу мен қаржыландыру, қатысу және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау тәртібін белгілейді.
1.2. Ұйымдастырушылар Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы және Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы (бұдан әрі - «Дарын» ШҚ ДпҚББДҒӘО) болып табылады.
1.3. Олимпиада дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау көрсетудің инновациялық даму жүйесін жетілдіру, оқушылардың зияткерлік дамуын ынталандыру, облыстық олимпиадалық резервті қалыптастыру мақсатында өтеді.
1.4 Олимпиаданың негізгі міндеттері:
- оқушылардың зияткерлік олимпиадаларға қатысуын белсендіру;
- оқушылардың дербес түрде білім алу дағдыларын дамытып, оларды күнделікті өмірде қолдануға бейімдеу;
- терең білімді және оларды шығармашылықпен қолдануға қабілетті дарынды балаларды анықтап, ынталандыру.
Олимпиаданың жұмыс тілдері қазақ және орыс тілдері болып табылады.
ІІ. Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті
2.1. Олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу үшін ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – Ұйымдастыру комитеті) құрылады.
Ұйымдастыру комитеті:
- Олимпиаданың дайындығына және өткізілуіне тікелей басшылықты жүзеге асырады;
- Олимпиадаға қатысу үшін қажетті материалдар мен өтінімдерді қабылдайды;
- Олимпиаданың қазылар алқасының құрамын құрады және бекітеді;
- Олимпиада шараларының түрлерін, өткізуді анықтайды;
- Олимпиаданың қорытындысын талдайды және жалпылайды.
ІІІ. Олимпиада қатысушылары
3.1. Олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептері мен жалпы білім беретін орта мектептердің 5-6 сынып оқушылары қатыса алады.
ІV. Олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу тәртібі
4.1. Олимпиада үш кезеңде өтеді:
Бірінші кезең– мектепішілік (іріктеу), а.ж. 11 ақпанына дейін;
Екінші кезең– аудандық/қалалық, а.ж. 15 ақпанына дейін;
Үшінші кезең– облыстық, а.ж. 29 ақпанына дейін Өскемен қаласында.
Облыстық кезеңі ШҚ ДпҚББДҒӘО«Дарын» орталығы әзірлеген тапсырмалар бойынша өтеді.
4.2. Олимпиадаға қатысу туралы білім беру ұйымдарының басшылары, мамандандырылған мектеп директорларының қолымен бекітілген сұраныс ағымдағы жылдың 19 ақпанына дейін келесі мекен-жайға жіберіледі: Өскемен қ. Абай даңғылы 21, «Дарын» ШҚ ДпҚББДҒӘО,тел. 8 (7232) 70-02-44, е-mail: vk_daryn@mail.ru.
Қатысушылардың тізімі: тегі, аты, сыныбы, оқу тілі, білім беру ұйымы, оқушының әлеуметтік жағдайы, топ жетекшісінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы және ұялы телефон номері сұранысқа қоса тіркеледі.
4.3. Олимпиадаға қатысатын командалардың сандық құрамы 7 адам: 5 сыныптардан – 3 оқушы, 6 сыныптардан – 3 оқушы және 1 топ жетекшісі.
4.4. Топ жетекшісі олимпиадаға қатысушылардың өтетін орынға дейінгі жолда, оның өтуі кезінде және тұрғылықты жеріне дейінгі қайтар жолда өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне толық жауапты болады.
4.5. Олимпиадаға келіп жеткен соң топ жетекшісі ұйымдастыру комитетіне келесі құжаттарды тапсырады:
1) Олимпиаданың аудандық/қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен топ жетекшісін Олимпиадаға қатысуға жіберу жөніндегі білім беру ұйымдарының басшылары, облыстық мамандандырылған мектеп директорларының бұйрығының көшірмесін;
2) қатысушылар туралы мәлімет (тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, сыныбы оқу орны және білім беру ұйымының мекен-жайы, үйінің мекен-жайы, телефоны, жұмысының номинациясы, атауы, топ жетекшісінің тегі, аты, әкесінің аты, жұмыс орны, лауазымы, ұялы телефоны);
3) қатысушылардың және топ жетекшісінің жеке төлқұжатының (куәлік (төлқұжат) немесе туу туралы куәлігінің көшірмесі.
4.6. Олимпиаданың облыстық кезеңі екі айналымда өтеді:
І айналым – математика бойынша олимпиадалық тапсырмаларды шешу;
ІІ айналым – жаратылыстану бойынша (5 сынып) және биологиядан (6 сынып) олимпиадалық тапсырмаларды шешу.
V. Қорытынды шығару және жеңімпаздарды марапаттау
5.1. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен марапатталады. Олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар тапсырылады.
Жеңімпаздарды қазылар алқасының мүшелері анықтайды. Қазылар алқасы құрамына халықаралық, республикалық, және облыстық олипиадалардың жүлдегерлерін дайындаған алдыңғы қатарлы мұғалімдер, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары кіреді.
VІ. Қаржыландыру
6.1. Іс-шараны қаржыландыру бекітілген сметаға сәйкес жүзеге асырылады.
Олимпиадаға қатысушылардың және олардың жетекшілерінің іссапар шығындары (екі жаққа жол жүру) жіберуші жақ есебінен төленеді.