Болашақ ұрпақты қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Біздің жастар – еңбекқор, мақсатты, шығармашыл. Сондықтан Қазақстанның болашағы - сенімді қолда», - деп айтты. Оқушылардың зерттеушілік және оқу-танымдық белсенділігін дамыту және қолдау, талантты және дарынды жас зерттеушілерді іріктеу мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығымен жыл сайын республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсы өткізіледі. «Зерде» конкурсы әр оқу жылының қыркүйегінде басталады. Балалар конкурстың мектепішілік, аудандық/қалалық және облыстық кезеңдеріне қатысады. 2019 жылдың 25 қазанында Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында конкурстың облыстық кезеңі өтті. Конкурсқа облыс мектептерінің 1-7 сынып оқушылары – 400-ге жуық бала қатысты. Зерттеу қызметіне қызығушылық танытатын жас зерттеушілер өздерінің жұмыстарын филология, тарих, техника және жаратылыстану ғылымдары, сонымен қатар медицина және психология саласында ұсынды. Қатысушылардың жұмыстары облыстың үздік жоғарғы оқу орындарының профессорлары, доценттері, ғылым кандидаттары мен оқытушылары құрамындағы әділ қазылар алқасымен бағаланды. Шараны өткізу барысында балалар үшін қозғалатын ойындармен, би, мультфильмді тамашалаудан тұратын ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Конкурстың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша 196 қатысушы (164 жоба) жеңімпаз атанды. I дәрежелі дипломдармен марапатталғандар 37 қатысушы (24 жобалар), 2 орын – 74 қатысушы (65 жобалар), ІІІ орын – 85 қатысушы (75 жоба). Марапаттау рәсімінде барлық қатысушыларға сертификаттар, жеңімпаздар мен қатысушыларға грамоталар мен сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарды, мұғалімдерді және ата-аналарды жеңістерімен құттықтаймыз! Барлық қатысушыларға келешекте табыс тілейміз!





