2019 жылдың 24-27 сәуірі аралығында Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп,қазақ тілі мен әдебиетінен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданы өткізді.
45 жыл бойғы педагогикалық қызметінде К.О. Бітібаеваның әзірлеген авторлық әдістемелігі бойынша қазақстан жастарының бірнеше буыны оқып үйренді. Оның қазақ тілі мен әдебиетіне қосқан үлесі әртүрлі елдің ғалымдары арасында баға жетпес құндылық болып есептеледі.
Жыл сайын 5 жыл көлемінде республикамыздың әр өңірлеріненқазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдету және жетілдіру, ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, патриотизмді, азаматтылықты, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында дарынды оқушылар жиналады.
Олимпиаданың республикалық кезеңіне республиканың жалпы білім беретін мекемелерінің 200-ден астам 9-11 сынып оқушылары қатысты.
Олимпиаданың салтанатты ашылуы «Ертіс концерт» Орталық мәдениет сарайында өтті. Алғы сөзбен Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы – С. Жумадилова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының зертхана меңгерушісі – З. Аманова, ҚР ҰАҒ корреспондент мүшесі, ф.ғ.д., Абай атындағы Алматы педагогикалық университетінің профессоры – Ф. Оразбаева сахна төріне шықты.
Қазылар алқасының құрамына ғалымдар, Республиканың үздік жоғарғы оқу орындарының оқытушылары кірді: Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.М. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Семей қалалық Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университет.
Олимпиада дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат базасында өтті.
Олимпиаданың республикалық кезеңі эссе жазу мен сұрақтарға ауызша жауап беруді қамтитын екі кезеңнен тұрды.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 68 оқушы (I орын – 15 оқушы, II орын – 21 оқушы, III орын – 32 оқушы) жүлдегерлер атанды, 10 оқушы «Дарын» РҒПО грамотасымен және 10 қатысушы «Тіл шебері», «Сөз зергері», «Үздік тілші», «Үздік әдебиетші» номинацияларымен марапатталды.
Олимпиаданың салтанатты жабылуында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жаңашыл-ұстаздың отбасы мүшелерінің атынан белсенді қатысқан оқушыларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Тегін оқуға құқығы бар С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының Гранты Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Әлібекова Айгерімге табыс етілді.
Олимпиада аясында мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды: облыстық драма театрында өткен «Қасқыр ұлыған түнде...» қойылымын тамашалап, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетімен және Өскемен қаласының көрікті жерлерімен танысты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз!
Сәттіліктер мен жоғары жетістіктер тілейміз!




