2019 жылғы 17-20 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Генерал С.Қ.Нұрмагамбетов атындағы «Жас ұлан» Республикалық мектебінің базасында 11 сынып оқушылары арасында VI республикалық «Сардар» кешенді олимпиадасы өткізілді.
VI Республикалық олимпиада Жастар жылына, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының армия генералы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың 95 жылдығына және Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» Республикалық мектебінің 20-жылдығына арналған мерейлі іс-шараларға сәйкес ұйымдастырылды.
Олимпиадаға Республиканың барлық әскери мектептерінен, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер мен лицейлерден және жалпы білім беретін орта мектептерден 63 оқушы және алғашқы әскери дайындық пәнінің 27 мұғалім-жетекшілері қатысты. Шығыс-Қазақстан облысынан 3 ұлан қатысты.
Олимпиада 2 кезең бойынша өткізілді:
1. Теориялық кезең - математика, физика, қазақ тілі, орыс тілі және алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша тестілеу;
2.Практикалық кезең – алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру бойынша жалғыз сап құру дайындық, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және қайтадан жинау, 3000 метрлік кросс, 100 метрге жүгіру және кермеде тартылу нормативтерін орындау.
Кешенді олимпиада қорытындысы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен - Койчибеков Тимур – Семей қаласы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатының 11 сынып оқушысы марапатталды.
Олимпиада аясында алғашқы әскери дайындық мұғалімдері үшін «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында алғашқы әскери дайындықпәнін оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері мен технологиялары» атты республикалық оқу әдістемелік семинар өткізіледі.
Семинардың мақсаты алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап тиімділігін арттыру, алғашқы әскери дайындық пәнін өткізуге заманауи көзқарас, Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқушылардың физикалық даму қажеттілігін қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру жолдарын қарастыру.
Олимпиаданың бағдарламасы аясында қатысушылар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық орталығына және № 68665 әскери бөліміне саяхат жасады.
Тимурды, ата-анасын және мұғалімдерін жеңістерімен құттықтаймыз!
Болашақта сәттілік пен жеңістер тілейміз!