+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Қ. Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасының БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ
18 Сәу, 12:46

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп, 2019 жылдың 24-27 сәуірі аралығында  Өскемен қаласында дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатта КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, СССР, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Н.К. Крупская медалінің иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өткізеді.

Олимпиаданың мақсаты - оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдету және жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, патриотизмді, азаматтылықты, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Олимпиадаға еліміздің білім беру ұйымдарынан аймақтық іріктеу айналымынан өткен 200-ден астам 9-11 сынып оқушылары қатысады.

Олимпиаданың  республикалық кезеңі 2 айналымнан тұрады:

- 1 айналым – жазбаша (эссе);

- 2 айналым – ауызша.

Оқушылар қазақ тілі мен әдебиетінің шығармаларын, Қ. Бітібаеваның өмірбаянын, оның ғылыми-педагогикалық және шығармашылық еңбектерін білу бойынша сайысады. 

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталып, естелік сыйлықтар беріледі. Олимпиаданың жеңімпазы мен жүлдегері атанған 11 сынып оқушылары жоғары оқу орындарына түсу барысында мемлекеттік грантқа артықшылық құқығына ие болады.

Олимпиада қатысушылары үшін мәдени-танымдық бағдарламалар барысында қаланың көрікті жерлері мен Таулы Үлбіге саяхаттарға бару жоспарланған.

БАҚ өкілдерін 2019 жылдың 25 сәуірінде сағат 09.00 «Ертіс концерт» Орталық мәдениет үйінде (Протозанов к, 43) өтетін олимпиаданың салтанатты ашылуына шақырамыз.

Олимпиаданың жабылуы – 26 сәуірде сағат 19.00 С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да (Қазақстан көшесі, 55) өтеді.

Қосымша ақпарат алу үшін келесі мекенжайға хабарласу қажет:

Өскемен қаласы, Абай даңғылы, 21, телефон: «Дарын» ШҚ ӨҒПО

тел.: 8/7232/70-02-44.