2018 жылдың 6 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары-дарынды оқушылармен кездесті. Кездесуге 42 оқушы шақырылды.
«Біз өз елімізді әлемдік деңгейде жариялайтын дарынды балаларымызбен мақтан тұтамыз. Бұл оқушылар - біздің зияткерлік әлеуетіміз! Қазақстандық оқушылар арасында барынша қабілетті және дарынды балаларды анықтау, оларға көмек және жан-жақты қолдау көрсету маңызды», - деді Э.Суханбердиева.
Шығыс Қазақстан өңірінен кездесуге Өскемен және Семей қалаларының дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің, республикалық және халықаралық конкурстардың бірнеше мәрте жеңімпаздары - Жанатов Ғалымжан, Рахымғалиев Нұржан, Көпенов Нұрлыхан, Байболов Темірлан қатысты.
2016, 2017, 2018 жылғы табиғи-математикалық цикл пәндері бойынша олимпиада жеңімпазы, Халықаралық Менделеев олимпиадасының, Халықаралық жаратылыстану бағытындағы IJSO жасөспірімдер олимпиадасының, XXIV халықаралық «Tуймаада-2017» олимпиадасының, ІІІ Халықаралық А. Бектұров атындағы химия пәні бойынша олимпиадасының жулдегері – Көпенов Нұрлыхан Шығыс Қазақстан облысының барлық балалар атынан сәлем сөз сөйледі. Ол жас ұрпаққа көрсетіліп отырған қамқорлық жәнеқолдау үшін алғысын білдіріп, Республикалық олимпиададан алған алғашқы жеңіс оған ары қарай химиямен айналысуына және болашағын анықтауғасебеп болғанын айтып өтті. Нұрлыхан Республикамыздың ұлттық жоғары оқу орындарының бірінде нано және биотехнология саласы бойынша мамандық алуды жоспарлап отыр.
Кездесуге қатысушыларға мәдени-танымдық бағдарлама ұсынылды және «Нұр әлемі» ұлттық павильонына экскурсиясы өткізілді. Кездесу соңында балаларға естелік сыйлықтар берілді.
