+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Robotek
Облыстың дарынды оқушыларының Астана қаласындағы мәдени-танымдық ауысымға қатысуы
27 Шіл, 18:12

Дарынды оқушылар – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 2018 жылдың 23-27 шілдесі аралығында Астана қаласындағы мәдени-танымдық ауысымның қатысушылары болды.

Мақсаты – оқушылардың зияткерлік-шығармашылық әлеуетін және танымдық қызығушылықтарын ынталандыру, облыстың дарынды оқушыларын қолдау және марапаттау.

Мәдени-танымдық ауысым аясында елорданың ең ірі «Нұр Әлем» павильонына саяхат жасалды. Онда балалар қазақстандық ғалымдардың ең жаңа әзірлемелерімен танысты. Балалар үшін ең әсерлі болғаны - халықты өз ерекшелігімен таң қалдырған гигант Титан роботының қойылымы.

Балалар Астанамен танысуды Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының қабырғаларында жалғастырды. Балалар тұңғыш рет біздің еліміздің барлық қалаларының ең маңызды өнеркәсіптік және сәулет ғимараттарының макетін көре алған «Қазақстан картасы «Атамекен» ашық этно-мемориалдық кешеніне саяхат жасады.

Балалар үшін «Ailand» ойын-сауық орталығының океанариумына жасаған саяхат қызықтығы жағынан кем болмады. Бұл жерде біздің оқушылар әлемнің түрлі суларында мекендейтін балықтардың түрлерін көре алды. 

Экскурсия кезінде оқушыларға ерекше есте қаларлықтай болған қаланың ең басты, ең танымал сәулеті - «Астана-Бәйтерек» монументіне бару болды. Әйнек шарды көру үшін балалар панорамалық лифтпен 86 метр биіктікке көтеріліп, Есілдің сол жағалауындағы заманауи ауданын және оң жағалауындағы алаңдары бар жайлы аудандарын құс ұшар биіктіктен көруге мүмкіндік алды. «Аялы –Алақан» орналасқан панорама залында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қол ізіне қолдарын қойып тілектерін тіледі, естелік суретке түсті.  

Мәдени-танымдық ауысымның бағдарламасына Қазақстандағы ең үлкен шолу дөңгелегіне бару да енді. Дөңгелектің шолуынан оқушылар астананың әсем көрінісін тамашалап әсер алды.

Мәдени-танымдық ауысымнан балаларда жылы естеліктер қалды. Мысалы, Өскемен қаласындағы облыстық мамандандырылған «БІЛІМ ИННОВАЦИЯ» лицейінің оқушысы Байболов Темірлан: «Астана қаласына саяхат менің жадымда ұзаққа қалады. Елордамыздың ең көркем жерлерін араладық. Осы саяхатта еліміздің тарихын, рухани қазынасын танып, білімімізді тереңдеттік. Саяхат ұйымдастырушыларына алғысым шексіз», - деп ой бөлісті.