2018 жылы 10-20 шілде аралығында «Спорт қуаты» атты үшінші жазғы маусым өз жұмысын аяқтады. ШҚ ӨҒПО «Дарын» базасына ШҚО түкпір-түкпірінен келген 300-ден аса олимпиада жүлдегерлері, түрлі спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен талантты балалар демалды.
Негізгі мақсат - балаларды сауықтыру және шығармашылық дамуын толыққанды қамтамасыз етуін ұйымдастыру.
Үшінші маусымның бағдарламасы ауқымды. Әр өткізілген шара жан-жақты тәрбиелік мәнімен болды. Балалардың қызығушылығына қарай 10 күн ішінде түрлі студиялар жұмыс атқарды. Бұл - робототехника, интеллектум, бейнелеу өнері мен қолөнер, «Музыкалық калейдоскоп», «DANSE» студиясы, спорттық бағыт, «Өзіңді тани біл» психологиялық студия, «Аромагия» сабын жасау студиясы, авиамодельдеу,футбол секциясы, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат пен дойбы.
Сондай-ақ лагерьдегі балаларға Спорт сарайында өткізілген волейболдан Азия чемпионатының ашылу салтанатына қатысу бақыты бұйырды. Бұл ауысым спортпен байланысты болғандықтан әртүрлі спорттық жарыстар өткізілді. Командалық ойын «Көңілді старт» жарысы ұмытылмас әсер қалдырды. Барлық эстафеталар бір-біріне ұқсамай ерекшеленді. Футбол, волейбол, баскетбол, пионербол,үстел теннисі сияқты командалық ойындар бойға қан жүгіртті. Сонымен қатар спорттық бағыт, сумодан жарысты. Әсіресе лазертаг ойыны балаларға ерекше әсер қалдырды. Әр ойын балаларға спорттық рух беріп, оларды біріктіріп, ұйымшыл болуға үйретті.
12-13 жас аралығындағы көрші «Қ.Сәтпаев» атындағы лагермен командалық кездесу өте қызықты да тартымды өтті. Бұл кездесуде командалар эстафета, жебемен оқ ату, тауға шығу, ойнау алаңында арқанмен жүріп өту сынағынан өтіп жарысты.
Шаңырақтардың және педотрядтардың презентацияларында балалар, тәрбиешілер, тәлімгерлерде өз өнерлерін биден, әннен, түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, театралды өнерлерін көрсетті. Спартакиаданың ашылу салтанатында алау жағылды. Ашылу салтанатында спорттық мектептің гимнастары өз бағдарламасынан өнерлерін көрсетті.
Балалардың сүйікті шараларының бірі «Караоке шоу». Балалар бұл шоуда өздерін ғана емес, өзге де балалардың вокалдық таланттарын көрді. Тағы да бір ұмытылмас күндердің бірі «Нептун күні». Мұнда балалар «Қауіпсіз өмір» тақырыбына сурет салып, оны қорғады, ТЖД атрибуттарын қолдану эстафетасы өтті. Балалардың есте қалатыны бұл әрине - су шашу. Ұмытылмас, көңілді, мәз-мейрамға толы күн болды. Ал «Мистер және Мисс Олимпия» байқауында балалар көне грек құдайлары мен солармен байланысты тарихты сахналады. Туристік саяхат, бассейнде шомылу ұйымдастырылды.
Сонымен қатар түрлі квестер өткізілді. Мысалы «Отбасы – қоғамның бөлшегі» атты. Ең басты мақсат - шаңырақтың бір жұдырықтай бірігуі, түрлі де қиын мәселелердің шешімін біріге таба білу.
«Дарын рекордтары» атты кешкі шарада спорттық жарыстарда ерекшеленген балаларды мадақтамалармен, медальдармен, кубоктармен марапаттады. Марапаттау рәсіміне Қазақстан чемпионы мен жүлдегері, Еуропа чемпионы, әлем Кубогы және Пхенчхандағы ХХІІІ қысқы ойындарының қатысушысы Амренова Аяулым сыйлы қонақ болды.
Өкінішке орай бұл күні бүкіл Қазақстан өзінің аяулы азаматы, халқымыздың мәнерлеп сырғанаудан мақтанышы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, VІІ қысқы Азия ойындарының чемпионы, түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Денис Теннің өмірден озуына байланысты дарындықтар бір минут үнсіздікпен еске алды.
Үшінші маусым гала-концертпен аяқталды. Мерекелік отшашу барлық балалар үшін тосынсый болды.
Ұйымдастырылған жұмыс кезеңінде балалар зор күш-қуат жиып, ерекше әсерге бөленді.