+7 (7232) 70-02-44
+7 (7232) 75-42-12
Облыстық интеллектуалдық «Leader» конкурсы
ІV Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың қорытындысы
02 Мамыр, 11:16

2018 жылдың 25-28 сәуірі аралығында Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп, қазақ тілі мен әдебиетінен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданы өткізді. Олимпиада дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат базасында өтті.

Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Н.К. Крупская медалінің иегері. Қанипа Омарғалиқызын бүкіл халық мақтанышпен «Қазақтың Қанипасы» деп атайды. Оның қазақстандық жас элитаның, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосқан үлесі баға жетпес.  

Жыл сайынғы олимпиада оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдету және жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, патриотизмді, азаматтылықты, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізіледі.

Олимпиаданың республикалық кезеңіне республиканың жалпы білім беретін мекемелерінің 200-ден астам 9-11 сынып оқушылары қатысты.

Олимпиаданың салтанатты ашылуы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында өтті. Алғы сөзбен:

- «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының директоры, ЮНЕСКО Клубының вице-президенті – Ғ. Бейсембаев;

- ҚР ҰАҒ корреспондент мүшесі, ф.ғ.д., Абай атындағы Алматы педагогикалық университетінің профессоры – Ф. Оразбаева;

- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының зертхана меңгерушісі – З. Аманова;

- Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері;

- Қанипа Омарғалиқызының жанұя мүшелері;

- жаңашыл-ұстаз шәкірттері сөз сөйледі.

Қазылар алқасының құрамына ғалымдар, Республиканың үздік жоғарғы оқу орындарының оқытушылары кірді: Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.М. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Семей қалалық Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет.

Олимпиада эссе жазу мен сұрақтарға ауызша жауап беруді қамтитын екі кезеңнен тұрды.

Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 88 оқушы (I орын – 18 оқушы, II орын – 26 оқушы, III орын – 44 оқушы) жүлдегерлер атанды, 15 оқушы «Дарын» РҒПО грамотасымен және 5 қатысушы «Тіл шебері», «Сөз зергері», «Үздік тілші», «Үздік әдебиетші» номинацияларымен марапатталды.

Олимпиаданың салтанатты жабылуында жеңімпаздар мен жүлдегерлер  ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталып, Қ. Бітібаеваның түлектерінің және Ұлы ұстаз отбасы мүшелерінің атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Қатысушылар үшін қызықты мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылып, оның аясында, балалар Өскемен қаласының көрікті және тарихи жерлерін көре алды.

Ал, ең жарқын және есте қаларлық әсерлерді балаларға Таулы Үлбі өзенінің жағалауында орналасқан «Дарын» базасында өткізілген шытырман оқиғалы квест сыйлады. Сергітетін ауа мен көркем пейзаж балаларды сергектікпен және жағымды эмоциялармен қуаттандырды.

 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сәттіліктер мен жоғары жеңістер тілейміз!