2018 жылдың 4 қаңтарында «Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты – дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыруда мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету.
Семинарға дарынды оқушыларды анықтау мен дамыту жұмысын үйлестіруші қалалық (аудандық) білім бөлімдерінің әдіскерлері, облыстағы жалпы білім беретін мектептердің директорларының орынбасарлары мен шығармашылықпен жұмыс атқаратын ұстаздар қатысты.
Іс-шара барысында ШҚ ӨҒП «Дарын» орталығының директоры Ж.Ж. Айтпаева қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Директордың ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Ж.А. Оразгалиева «2016-2017 оқу жылында оқушылардың әр түрлі деңгейдегі интеллектуалдық олимпиадалар мен жарыстарға қатысу қорытындысы бойынша аудандар рейтингісі» туралы баяндама жасады, директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Г.Б. Рахимжанова дарынды оқушылармен жұмыс жүргізудегі жаңа жобалармен таныстырып өтті.
Зырян аудандық білім бөлімінің әдіскері Амисолтанова Ф.С. дарынды балалармен жұмысты ұйымдастырудағы жинақталған тәжірибесімен бөлісіп, Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің химия пәні мұғалімі Т. Хасен олимпиадаларға оқушыларды қалай дайындауға болатындығын айтып берді.
Облыстық семинарға қатысушылар қазіргі кезеңде дарындылықты анықтау мен жетілдіруде қолданылып жүрген әдіс-тәсілдердің өрісі кеңейгендігін басып айтты. Бірлескен жүйелі әрекеттің маңызды белсенді сатысы болып қалалық (аудандық) білім бөлімдерінің осы бағыттағы қарқынды жұмысы, жаңа жобалар жасау мен жүзеге асыру, жұмыс барысында дарынды балаларды анықтау мен жетілдіруде жұмыс тиімділігі мен білім сапасын арттыруда жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануға басты назар аудару керектігі айтылды.
Семинар қорытындысы бойынша2016-2017 оқу жылына қалалық (аудандық) білім бөлімдерінің, мамандандырылған мектептердің дарынды оқушыларды анықтау мен дамыту бойынша атқарылған жұмыстарына есеп беріліп, оқушылардың зияткерлік, шығармашылық олимпиадалар, байқаулар мен жарыстарға қатысқан нәтижелеріне мониторинг жасай отырып, дарынды балалармен жұмысты ұйымдастырудағы қалалар мен аудандардың рейтингісі айтылды. Жұмыс барысында жіберілген олқылықтарға ұсыныстар берілді.
2016-2017 оқу жылы дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыруда үздік нәтижелерге жеткен ең үздік үйлестірушілер, білім бөлімдері мен мекемелері ШҚО білім басқарамасы басшысының грамоталарымен марапатталды.
Семинарға қатысушылардың пайымдауынша, дарынды оқушылармен жұмыс жүйесін жетілдіре отырып, олардың шыңдалуына кешенді және жүйелі жұмыстар атқара отырып жағдай туғызуымыз шарт.