Қазақта «қазына» деген қадірлі сөз бар. Кейде бұл сөз халықтың сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті, дәстүрі мен рухани құндылықтарына да қатысты айтылады. Осы орайда облыстық білім басқармасы «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Алтын қазына» этножобалар байқауының жас ұрпаққа берер тағлымы ерекше. Өткен аптада «Рухан жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған осынау жоба мәресіне жетті. Оған өңір мектептерінің 5-8 сынып аралығындағы 200-ге таяу оқушы қатысты.
Қазынаға кім қызықпайды? Қап-қап алтын мен күміс, қора-қора мал мен байлық кімнің арманы емес дейсіз. Бай әрі бақытты болу – қазір екінің бірінің алға қойған мақсаты. Бірақ материалдық байлық бар да, рухани байлық тағы бар. Әсіресе халықтың қазынасын төкпей шашпай кейінгі ұрпаққа аманаттау өте маңызды. Иә, Қазақстан жерінде қанша халық болса, сонша қазына бар. Облыстық білім басқармасы «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Алтын қазына» облыстық этножобалар байқауының негізігімақсаты да осы. Оқушыларды Шығыс Қазақстан халықтарының тарихын, мәдениетін, дәстүрі мен рухани құндылықтарын оқып үйренуге араластыру, этнографиялық зерттеулерді жүргізу әдістемесімен таныстыру, азаматтық-партиоттық тәрбие беру.
«Алтын қазына» этножобалар байқауы облысымызда мамыр айының соңында бастау алған болатын. Бес кезеңнен тұрған байқаудың бірінші кезеңінде оқушылар аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен өтсе, екінші кезеңде «Алтын қазына» жазғы этнографиялық мектебіне қатысып, этнографиялық зерттеу методологиясымен терең танысқан болатын. Үшінші кезең – далалық кезең. Бұл кезеңде оқушылар белгіленген бағыт бойынша экспедицияға шығып, мәліметтер жинаумен шұғылданған. Ал төртінші кезеңде этнографиялық мағұлматтарды өңдеп, талдаумен, этножобаларды дайындаумен айналысқан. Ал бесінші кезеңде оқушылар Таулы Үлбідегі «Дарын» лагеріне қайта жиналып, тарихшы этнографтар, фольклористер мен тілтанушы ғалымдардан құралған қазылар алдында ғылыми жобаларын қорғап, зерттеудің нәтижесін жария еттті. Мысалы, Аягөз ауданы атынан қатысқан команда «Тарихы табиғатына сай Тарбағатай» атты тақырыпта ғылыми жоба қорғады.
– Бұл зерттеуімізде біз әлі кітап бетіне түспеген, зерттелмеген Қабанбайдың ұлы Әлі батыр туралы баяндадық. Мақсатымыз – Әлі батырды кейінгі жастарға таныту. Әлі батыр Қабанбайдың сүткенжесі. Ол 14 жасынан бастап шайқасқа қатысып, елімізді жаудан қорғаған. Өкінішке қарай, ол туралы ешқандай деректер жоқ. Тек жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» кітабында ғана аз-маз жазылады. Біз оның қай жылдары өмір сүргенін анықтадық, – дейді Аягөз ауданындағы Д. Бабатайұлы атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Аружан Смайылова.
Осы орайда Аягөз ауданы Д. Бабатайұлы атындағы орта мектептің оқушылар командасының жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Әнкебаева әңгімеге араласты.
– Біз маусым айында «Алтын қазына» жазғы этнографиялық мектепке қатысқан болатынбыз. Балалар үш күн осы лагерьде болып, этножоба жөнінде шеберлік сыныбына қатысып, дәріс алды. Сол дәрісте алған білімімізді байқаудың үшінші кезеңінде дамытып, бүгін міне, ғылыми жоба әзірлеп келдік. Біздің оқушылардың ғылыми жобасының тақырыбы – «Тарихы табиғатына сай Тарбағатай» деп аталады. Біздің топтың оқушылары ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша Қаракерей Қабанбайдың сүткенжесі әулие Әлі батыр туралы біраз мағұлмат жинады. Сондай-ақ далалық кезеңде біз Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылынан 40 шақырым жерде орналасқан Әулие үңгіріне де бардық. Ел ауызында осы Әулие үңгірге бір отар қой сыйып кетеді деген аңыздар бар. Балалар сонымен қатар Тарбағатай ауданының Тар кезең қыстауында орналасқан қазаншұңқырға да барды. Бірақ, биыл құрғақшылық болғандықтан, қазаншұңқырдағы су аңғарынан аспаған екен. Жауын-шашын болған кезде, қазаншұңңырдағы су аңғарынан асып, өзенге құяды екен. Бұдан бөлек 1978 жылы Несіпбек Уәлиұлы деген кісі ашқан Мөлдір бұлақтың шипалы суын да зерттедік. Ауыл ақсақалдарының айтқан аңыздарына сүйенетін болсақ, құралайды көзге атқан аңшы өзінің аңын атып, бауыздап, бұлақтың басына барып, қолын жуыпты. Ол кісінің қолы қаптаған сүйел екен. Үйіне келгенде қараса, қолындағы сүйелі жоғалып кетіпті. Бұл Мөлдір бұлақ та Тарбағатай ауылынан 45 шақырым жерде орналасқан. Бұлаққа жету үшін 500 метр биіктікке жаяу көтерілу керек. Оқушылардың осындай сапарын ұйымдастырған Аягөз аудандық білім бөліміне алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Жалпы, оқушылардың қорғаған ғылыми жобаларының тақырыбы сан алуан. Өңірді мекендеген халықтардың этнографиясы, тарих және этнография, тіл білімі және этнография, этнос пен табиғи ортаның өзара байланысы, этногенез, халық шығармашылығы.
Мысалы, Зырян қаласындағы мектеп-лицейдің оқушысы Азиза Нағыбаева өзінің командасының қорғаған жобасы туралы бізге былай деді:
– Біздің тақырыбымыз – ескі ұлттық киімдер туралы болды. Біз алдымен Первороссиский ауылына бардық. Біз ол жерде осы күнге дейін сақталған бір керемет дәстүр жайында білдік. «Кузьминка» деген күзгі мейрам кезінде әйелдер жаздай өсірген құстарымен алмасады екен. Сонымен қатар олар тауық етінен жасалған самса мен алмадан қою кисель жасайды екен. Сонымен қатар біз Быкова ауылында да болдық. Ескі дәстүрді ұстаушылар бұл жерде марал және ара шаруашылықтарының негізін салған екен. Бірақ қазіргі күні бірде-бір ескі дәстүрді ұстаушылар қалмапты. Біз өзіміздің жерді мекен еткен этностардың тарихын білуіміз керек, - дейді ол.
Ал Абай ауданы атынан қатысқан оқушылар осы аймақтағы Қоңыр әулие үңгірі жайлы ғылыми жоба қорғады.
– Мұндай байқау біздің оқушыларға өте қажет. Әр оқушы өз туған жерінің тарихы мен салт-дәстүрін ғана емес, әр тауы мен тасын да жақсы біліуі керек, – дейді Абай ауданы Саржал ауылындағы Тоқжігітов орта мектебінің мұғалімі Ғалия Акишева.
Сондай-ақ осынау шара аясында ұлттық фольклор мен халық музыкасының «Дала үні» фестивалі мен қолөнер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.
– Біз бұл көрмеге Семейде тұратын әр халықтың ұлттық киімдерін және қолөнер бұйымдарын алып келдік. Мысалы, мынау татар халқының бас киімі, мынау, өзбектердің жайнамазы, тәспиығы, - дейді Семейдегі Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның оқушысы Дәрия Төкенова. Тіпті көрмеде украин, неміс, шешен халықтарының да ұлттық киімдері бар. Айтуынша, көрмеге қойылған бұйымдардың барлығын мектеп оқушыларының өздері жасапты.
– Бұл жерде жеңу міндетті емес. Ең бастысы, оқушылар шараға қатысып, этножобаларды қорғау арқылы өзінің өлкесінің тарихына зер салуы, сол жерді мекендеген халықтардың ерекшелігіне назар аударуы өте маңызды. Біз о бастан-ақ, олардың өздігінен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алынған мәліметтерді қорыта білуіне көп назар аудардық. Енді ең үздік қатысушылар қараша айында Астанада өтетін «Менің кіші Отаным» республикалық байқауына қатысады, – дейді Жанат Айтпаева.